Каштак елдімекенінен көшірілген 50 адам эвакуациялық бекетке жеткізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Каштак елдімекенінен көшірілген 50 адам эвакуациялық бекетке жеткізілді

10.06.2023

Өрт кезінде тұрғындар зардап шеккен жоқ. 4 елдімекеннің халқы қауіпсіз жерге көшірілді. Дені туысқандарының үйін паналауда. Ал, өрт ошағынан 100 шақырым жердегі Каштак ауылынан 50 адам Семейге жеткізілді.

Семей қаласында 800 адамға дейін сыйатын 9 эвакуациялау пункті ұйымдастырылған. Олар колледждердің жатақханалары мен қонақ үйлерде. Кеше өрт ошағына жақын орналасқан Озерки ауылдық округіне қарасты Каштак, Полинки, Тепкаши, Талица ауылдарының тұрғындары қауісіз жерге көшірілді. Қазір біз тұрған жердегі Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледж жатақханасына Каштак елді мекенінен түнде көшірілген 50 адам орналастырылған. Оларға жатын орын беріліп, қажетті заттармен, ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп жатыр.

Тұрғындар үшін қазір жедел желі жұмыс істеп тұр. 8 7172 53 32 84, 8 72 22 35 38 31. нөмірі арқылы психологтардың жұмысы ұйымдастырылған. Өрт болып жатқан аумаққа жақын ауыл тұрғындары, сондай-ақ Семей қаласындағы еріктілер өрт сөндірушілерге тамақ, су жеткізіп екі күнен бері қолдан келгенше көмек беріп жатыр.

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу