Абай облысында хабар-ошарсыз кеткен орманшылармен байланысу әлі мүмкін болмай жатыр. Орман өртін ауыздықтауға Астана мен Қарағанды облысынан қосымша көмек тартылды. Бірер сағат бұрын Павлодар облысындағы «Ертіс орманы» табиғи резерватынан 30 адам және 5 көлік оқиға орнына жетті. Дегенмен техниканың дәл өрт ошағына жетуі өте қиын болып тұр. Алапат өрт ырық берер емес. 30 мың га астам жердегі орман алқабы күлге айналған. Қызыл жалынмен бас-аяғы 662 адам күресіп жатыр.
Ернар Жалелов, облыстық төтенше жағдайлар департаменті басқармасының басшысы:
Қатты жел және ауа райының ыстығы қиындатып жатыр. Соған қарамастан жеке құрам күні түні жұмысты атқаруда. Бүгінгі күні 3 ауылға өрт қаупі бар.
Өрт құрсауындағы ауылдардан 300-дей адам эвакуацияланды. 177 техника мен 6 тікұшақ жұмылдырылды. Авиациялық техникамен өртті сөндіру үшін 80 рет жалпы көлемі 192 тонна су шашылды. Штаб күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Манарбек Шапағатов, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы:
Техникалардың өрт ошағына баруы оңай болмай тұр. Орманның географиялық жағдайы да өте қиын, себебі көліктеріміз құм төбелерден зорға өтіп жатыр.
Димитрий Гариков, облыс әкімінің орынбасары:
Қарағандыдан және Астанадан қосымша техникалар әкелінді. Алматыдан да келеді деп күтілуде. Қосымша эвакуация орындары әзірленіп жатыр. Адамдар қауіпсіз жерде. Үй жануарлары жазыққа шағарылды.
Осы уақытқа дейін 11 адаммен байланысу мүмкін болмай жатыр. Іздестіру жалғасуда. Ал резерваттағы өртпен күресте қаза тапқан 3 орман шаруашылығы қызметкерінің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетілмек.
Ержан Жақып