«Астана форумында жаһандық проблемалардың зардабын азайтатын маңызды шешімдер қабылданады. Өйткені мұнда әлемдік деңгейдегі сарапшылар жиналған». Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы елшісі осылай деді.
Чжо Тэ-Ик, Оңтүстік Корея Республикасының төтенше және уәкілетті елшісі:
Менің ойымша бұл форумның маңызы өте жоғары. Түрлі елдердің үкімет мүшелері, халықаралық ұйымдар, саясаткерлер мен ғалымдар қатысып жатыр. Олар бейбітшілік, климаттық өзгерістер сынды жаһандық проблемаларды көтеріп, шешу жолдарын ұсынуда. Бүгін біраз маңызды шешімдер қабылданады деп ойлаймын.
Форум Орталық Азияның әлемдегі рөлін анықтайды
«Астанада өтіп жатқан халықаралық форум Орталық Азияның әлемдегі рөлін анықтап береді. Қытай мен Ресейдің арасындағы елдер үшін бұл өте жақсы мүмкіндік», - дейді сарапшы Джонатан Чарльз.
Джонатан Чарльз, Халықаралық стратегиялық коммуникация кеңесшісі:
Бұл форум Орталық Азияның, Қазақстанның әлемдегі рөлін талқылауға мүмкіндік береді. Және де осы жиын арқылы Қазақстанның, аймақтың қандай қарқынмен өзгеріп жатқанын білуге болады. Табиғи ресурстар, геосаясат тұрғысынан алғанда Қытай мен Ресейдің арасында орналасқан Орталық Азияның әлем үшін маңызы зор деп санаймын.
Климаттың өзгеруін қауіп емес, экономиканы өсірудің мүмкіндігі ретінде қарастыру керек. Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг бұл тақырыпты зерттеп, Қазақстанның мүмкіндіктері туралы кітап жазған.
Рае Квон Чунг, Нобель сыйлығының лауреаты, Пан Ги Мун қорының Басқарма директоры:
Климаттың өзгеруі Қазақстанның алдында тұрған үлкен сын. Бірақ оған алдын ала дайындалса экономиканы дамытуға жақсы мүмкіндік бола алады. Ол үшін жасыл энергия көздерін дамытып, салаға инвестиция салу керек. Мен бұл туралы кітап та жазғам. Форум аясында оның таныстырылымы өтеді.
Серік Селеубай