Былтыр бюджеттен бөлінген 325 млрд теңге игерілмей қалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Былтыр бюджеттен бөлінген 325 млрд теңге игерілмей қалған

07.06.2023

Былтыр бюджеттен бөлінген 325 млрд теңге игерілмей қалған. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында айтылды. Үкіметтің бюджет туралы есебі Парламентте әлі қаралып жатыр.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Бюджеттің игерілмеуі жұмыстың тиісті деңгейде істелмеуін дәлелдейді. Ал қаржы аса қажет шаруаларға ғана бөлінеді. Сондықтан орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың 113 қызметкері тәртіптік жауапқа тартылған. Жалпы былтырғы бюджет бір жылда 8 рет түзетіліп, 1 рет нақтыланған. «Бұл да жұмыстарды ұзақ мерзімді жоспарлай алмаудың көрсеткіші», - деді депутаттар.

Мемлекеттік жоспарлау жүйесін реформалау аясында мемлекеттік бағдарламалардың орнына қазір 10 ұлттық жоба іске асырылып жатыр. Сонымен бірге, Үкімет ұлттық жобалардың жаңартылған тізбесін әзірледі. Осыған байланысты жаңа форматтағы «Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту», «Қолжетімді интернет» сияқты ұлттық жобалары бекітілді. «Осылайша, көлемді құжаттардың орнына нақты проблемаларды шешуге бағытталған қысқа əрі нұсқа ұлттық жобалардың форматына көшу жүзеге асырылып жатыр», - деді Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Сосын Ұлттық қордың қаржысын үнемдеу жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Бұған дейін Мемлекет басшысы 2030 жылға қарай ұлттық қорды 100 млрд долларға жеткізуді тапсырған. Жиында тиімсіз және қажетсіз бағытта жұмсалған қаржы туралы сұрауы болды. Әлі де жалғасып жатыр. 2022 жылғы бюджеттің атқарылу туралы есепті талқылау кезінде 440 сұрақ туындап мәселе қаралған. Ерұлан Жамаубаев айтылған ескертулердің барлығы болашақта ескеріледі деді. Мәжілістің отырысы кешке дейін жалғасады.

Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу