Ақмола облысының 19 ауылында ауыз су жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысының 19 ауылында ауыз су жоқ

06.06.2023

Ауыз су Ақмола облысында да өзекті. 15 мыңнан астам халқы бар 19 елдімекен бірнеше жылдан бері тіршілік нәрінен тарығып отыр. Өйткені үш бірдей ауданды басып өтетін Нұра топтық су құбырының әбден тоз-тозы шыққан. Салдарынан, ауыл халқы айлап тіршілік нәрінен қағылады. Қазіргі уақытта су құбырының тозуына байланысты Егіндікөл ауданында техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланған. Сексенді алқымдаған Тұрсынбай Жұмабаев осыдан бірнеше жыл бұрын «ауылға тіршілік нәрі беріледі» дегенде бөркін аспанға атып қуанған. Тіпті, қыруар қаржы шығарып, су құбырын үйіне дейін өткізіп алыпты. Алайда, қазір одан бір тамшы су ақпайды.

Тұрсынбай Жұмабаев, ауыл тұрғыны:

Қаншама шығын кетті. Су жоқ. Сонымен қазір ол кір жуу, қол-бетімізді жуатын мүмкіндігіміз жоқ. Сонымен тұрмыз. Енді биыл білмеймін не болатынын тағы да. Әйтеуір су таситын көлік кеп тұрады.

Болат Қозбағаров, ауыл тұрғыны:

400 миллион ақша шығарып, ауылымыздың ішіне барлығын өткізген. Су құбыры, резервуар, су соратын станцияның барлығы су жаңа. Бірақ су жоқ.

Ауыз су мәселесінен әбден қажыған халық қайда барып, кімге шағымданарын білмей дал. Өйткені ұзындығы 300 шақырымнан асатын құбырды жөндеуге келгенде жергілікті билік қауқарсыз. Амалы таусылған әкімдік осыдан бірер жыл бұрын ауылға жүз шақырым жерден су таситын арнайы көлік сатып алыпты.

Ұмсындық Наурызбаева, тілші:

Ауылға су таситын арнайы көлік айына бір-екі рет қана келеді. Сондықтан тіршілік нәрінің әр текше метріне ақша төлеп, осындай қолдан жасалған құдықтарға құйғызып алады. Сосын суды күнделікті осылай шелекпен тасып, үнемдеп ішеді.

Мұндай құдықтарға құйылған су айлап тұрады. Оның сапасын да ешкім тексеріп жатқан жоқ. Ал жергілікті билік бұдан басқа амал жоқ,-деп отыр.

Мейрам Тәсімов, Сепе ауылдық округінің әкімі:

Біздің ауылды басып өтетін су құбырында ешқандай ақау жоқ. Барлығы дұрыс. Бірақ бізге ауыз су сонау Қорғалжын және Егіндікөл аудандарынан келеді. Ал ол жақта су құбыры жиі жарылады. Сондықтан тіршілік нәрі бізге де жетпейді.

Осыдан үш жыл бұрын Нұра топтық су құбырының 16 шақырымы ауыстырылған. Оған бюджеттен 580 миллион теңге қаржы бөлініпті. Алайда мұнымен мәселе шешілген жоқ. Қазірдің өзінде су құбыры күніне 5-6 рет жарылатын көрінеді. Сондықтан оны толықтай жаңарту үшін жобалық-сметалық құжаттама жасалып жатыр,-дейді жауапты мекеме мамандары.

Гамзат Сағандықов, Нұра топтық су құбырының директоры:

Жобалық-сметалық құжаттама толық анықталып болса, сараптамадан тапсырылып бітсе, егер заңға сәйкес болса, бюджеттен ақша сұралады. Одан кейін келесі жылдан бастап конкурстық шаралар, мемлекеттік сатып алулардан өтіп, мердігер анықталады. Одан кейін жұмыс басталады.

Су құбырының әбден тозуына байланысты Егіндікөл ауданында техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланған. Ал Нұра топтық су құбырын реконструкциялау жұмыстары қанша уақытқа созылары белгісіз. Оған дейін үш ауданның тұрғындары тіршілік нәрін тасып ішуге мәжбүр.

Ұмсындық Наурызбаева

Хабарламаларға жазылу