Ақмола облысында волонтерлердің жазғы мектебі жұмысын бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында волонтерлердің жазғы мектебі жұмысын бастады

06.06.2023

Бүгін волонтерлердің «Жазғы мектебі» жұмысын бастады. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған еріктілер қозғалысының көшбасшылары жыл сайынғы дәстүр бойынша биыл да Ақмола облысында бас қосты. Басты мақсат-өзара тәжірибе алмасып, осы бағытқа жаңа серпін беру. Қазір елімізде 600-ге жуық волонтерлік ұйым бар. Ондағы жастардың саны 200 мыңнан асады. Шара аясында еліміздің жиырма аймағынан келген 40-тан астам делегат өз ойларын ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті. Жазғы мектеп әлі төрт күнге жалғаспақ. Осы уақыт аралығында еріктілер бұл бағытты дамыту үшін жаңа тәсілдер әзірлейді. Содан кейін маусым айында елордада өтетін халықаралық волонтерлер форумында бас қосады. Онда олар 34 елдің волонтерлерімен өзара тәжірибе алмасып, жаңа жобаларын ұсынады.

 Ақбота Ақмамбет, волонтер:

Соңғы үш жылда экологиямен айналысамын. Экология бағытында біз арнайы үстел ойының жасап шығардық. Қазақша экологиялық мультфильм түсірдік. Сол себептен де қазіргі таңда экологиялық бағытты дамыту, жастарға білім беру өте маңызды.

 Мадияр Қожахмет,  ҚР АҚДМ азаматтық қоғам істері комитеті төрағасы: 

Елдің дамуына, қоғамның дамуына нәтиже беретін кәсіби жұмыс ретінде қарастыруды осында үйретеміз. Жалпы волонтерлік жобалардың не екенін, волонтерлікті қалай нәтижелі және басқа деңгейде өткізуге болатындығы туралы осы белсенді жастарымызға үйретіп жатырмыз.

Ұмсындық Наурызбаева

Хабарламаларға жазылу