Басты Жаңалықтар Ауылдарда тек қағазда жазылған инфрақұрылым көп

Ауылдарда тек қағазда жазылған инфрақұрылым көп

Қазақстанда жергілікті әкімдіктің рұқсатымен пайдалануға берілген, бірақ іс жүзінде мүлде жұмыс істемейтін инфрақұрылымдар көп. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында депутаттар айтты. Ауылдағы күнкөріс нашарлаған соң жұрт жаппай қалаға ағылған. Ұлттық экономика министрінің дерегінше 2 мың 800-дей елдімекеннің «болашағы бұлыңғыр». Ауыл халқының әл-ауқатын жақсарту үшін Үкімет не істеп жатыр? Айя Мүтәлі тарқатады.

Айя Мүтәлі, тілші:

Мәжіліске келген Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров алдымен ауылдардың ахуалы туралы есеп беріп, алдағы 5 жылдық жоспарын баяндады. Алайда, министрдің «әдемі есебі» депутаттардың көңілінен шықпады. Олар Қуантыровты 2 сағат бойы сұрақтың астына алды. Кей сауалдар министрге ұнамай қалған сыңайлы.

Депутаттар аймақтардағы мектеп, аурухана, ауыз су жүйесі мен жол инфрақұрылымдары құжат бойынша пайдалануға берілгенін, алайда кейбірі тіпті салынбағанын айтып сынға алды. Елдімекендерді дамытуға арналған ұлттық жобалар да аяқсыз қалған дейді. Сондықтан Ауыл партиясы бағдарламаны іске асыра алмаған әкімдерді жауапқа тартуды ұсынды.

Анас Баққожаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Алдағы уақытта осы стандарттар атқарылмайтын болса белгілі бір мерзім ішінде. Онда әкімдер тікелей жұмыстан босатылуы тиіс. Міне, осы күнде дейін талай мәселелер айтылды. Бірақ ешкім-ешқашан да жұмыстан кетпеген.

Елімізде 3 мыңға жуық ауыл жойылып кетудің алдында тұр. Оларда бас аяғы 700 мыңдай адам тұрады. Халық елдімекеннің ахуалы нашарлаған соң, жаппай қалаға қарай көшіп жатыр деген министр жауапкершілікті жергілікті әкімдіктерге ысыра салды.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Мүмкін оған қосымша бөлек бір бағдарлама керек болатын. Әйтпесе, барлық қаражат оған жетпейді. Әрине, облыс әкімдіктерінің жауапкершілігі болуы керек. Солар ойлауы керек ауылды.

Қызу талқыға түскен ауыл-аймақтың жай-күйінен бөлек, депутат Ринат Зайытов ұшаққа домбыра алып кіре алмаған өнерпаздардың мәселесін көтерді.

Ринат Зайытов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Amanat» фракциясының мүшесі:

Әуе компанияларыңызға дұғай-дұғай сәлем айтыңыздар. Кімдікі болса да, шешіп беріңіздер: қазақтың саусаққа толмайтын 4-5 аспабы бар. Сол аспаптар ұшаққа кіруге рұқсат алсын. Ала алмайды екен – Алматы мен Астананың әуежайына кемінде мың домбырашыны қойып, «Адай» күйін ойнатып, жалынып сұрайық қолдарыңыздар келмесе.

Айя Мүтәлі, тілші:

Үкімет сағатында шекараға жақын ауылдарға төнген қауіп туралы да айтылды. Депутат Ерлан Сайыров Шығыс Қазақстан облысындағы шет ауылдарда Қытайдың ұялы операторы, солтүстікте Ресейдің, ал оңтүстікте Өзбекстанның ұялы байланысы іске қосылатынын, бұдан ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төнуі мүмкін екенін айтты. Ал цифрлық даму министрлігі бұл мәселе алдағы 5 жылда шешіледі деп сендіріп отыр.

Айя Мүтәлі

Автор
Айя Мүтәлі
Бөлісу