Әмен Қайдардың туғанына – 100 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әмен Қайдардың туғанына – 100 жыл

03.06.2023

Бүгін қазақ анимациясының негізін қалаушы Әмен Қайдардың туған күні. Өнер майталманы тірі болса 100-ге толар еді. Осыған орай Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі мерейтойлық шара өткізді. Ескерткіш мемориалға гүл қойылып, жиналғандардың назарына аниматор еңбектерінің цифрландырылған нұсқасы көрсетілді.

Әмен Қайдардың тырнақталды туындысы осы «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмі болатын. Халық ертегісі әлемнің 50-ге жуық елінде көрсетілді. Туындының түсірілгеніне жарты ғасырдан асса да әлі күнге дейін маңызын жойған жоқ.

Жәнібек Оразалы, «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі:

«Қарлығаштың құйрығы неге айырдан» кейін «Ақсақ құлан», «Қожанасыр – құрылысшы» соңғы «Құйыршық» анимациялық фильмінде де өзі басы-қасында болып жетекшілік етіп жасады.

Шарада Әмен Қайдардың жеке құжаттары мен заттары қойылған көрме ұйымдастырылды. Сондай-ақ өнер иесінің өмірі туралы фильмнің алғашқы көрсетілімі өтті. Әмен Әбжанұлы шығармаларындағы басты ұстаным – ұлттық құндылықтарымызды насихаттау, дейді ізбасарлары.

Аманжол Әбілқасымов, режиссер, анимация ардагері:

Қазақ өнерінің, тарихының, ғұрпын зерттеу, соны үлгі ретінде көрсету халқымызға, өзіміздің жан ниетімізді көрсету, сүйіспеншілігімзді көрсету соны көрсете білді.

Жанәділ Байдарбеков, «Әмен ағаның ғажайып бәйтерегі» фильмінің режиссері:

Қазақ фольклорын көрсеткен. Қазақтың иісі, өзінің калориті бар, қазақи нақышта алғашқы мультфильм түсірген кісі ғой.

Әмен Қайдар негізін қалаған Қазақ анимациясына былтыр 55 жыл толды. Осы жылдар ішінде екі жүзге жуық мультфильм түсіріліп, отыздан астам анимациялық студия ашылды. 2018 жылы анимациялық киностудиялар қауымдастығы құрылды.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу