Такси жүргізушілері кәсіпкер ретінде тіркелуі керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Такси жүргізушілері кәсіпкер ретінде тіркелуі керек

02.06.2023

Такси жүргізушілері үшін де жаңа ереже. Интернет платформа арқылы жұмыс істейтіндер енді қызмет көрсетуші компаниямен келісім шарт жасауға міндетті. Ал, өз көлігімен нәпақа тауып жүргендер кәсіпкер ретінде тіркелуі керек. Жоба қоғамдық талқылауға шығарылды. Жаңартылған нұсқада «таксимен тасымалдаушы» бөлігі толықтырылған. Қолданыстағы ережеге бұған дейін жеке тұлғалар кірмеген еді. Жоба бойынша мобильді қосымшалармен жұмыс істейтін такси жүргізушілері тасымалдаушы компаниямен еңбек шартын жасауы керек. Оған келіспесе, жеке кәсіпкер ретінде әкімдікке өтініш қалдыра алады. Бұл жаңашылдық туралы жүргізуішердің пікірі сан алуан. Заң бойынша такси жүргізушілері тапқан табысынан салық төлеуі тиіс. Алайда оны елеп жатқан ешкім жоқ. Енді бұл міндетті тасымалдаушы компаниялар атқарады. Интернет платформа жиналған табыстан әлеуметтік төлемдерді аударып отырады.

Жәдігер Тасшығұлов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басқарма басшысы:

Пилоттық жобаның басты мақсаты - такси қызметін көрсетіп жүрген жүргізушілерді әлеуметтік тұрғыдан қорғау. Ертең мүгедек немесе жұмыс істеуге мүмкіндігі болмай қалса мемлекеттен ешқандай көмек ала алмайды. Бұл осындай азаматтарға қандай жағдай болмасын көмек көрсетуге кепілдік болады. Бұл жеке салық түрі емес. Бар болғаны такси парктерін салық агенті ретінде міндеттеу.

Мамандар төлем жасау үшін салық органдарына барудың қажеті жоқ дейді. «Е-салық» мобильді қосымшасында арнайы бөлім әзірленіп жатыр. Табыс салығы да көп емес.

Айжан Бекеева, қалалық кірістер департаментінің басқарма басшысы:

Табысынан 1% жеке табыс салығын төлейді. Және 911-шы нысандарын тапсырады. Сонымен қатар әлеуметтік төлемдер бар. Ең төменгі жалақыдан 70 мың ғой қазір. Содан зейнетақы қорына, медициналық сақтандыру қорына және әлеуметтік аударымдарды төлейді.

Қуан Нұрақын, тілші:

Талап бойынша такси қызметінің көліктерінде арнайы белгі мен жазу болуы тиіс. Әзірге бұл жоба ғана. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі интернет платформада тіркелген жүргізушілер пилоттық жобаға ерікті түрде қатысатынын айтады. Талапты орындау 1 шілдеден басталады деп жоспарланған.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу