Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өткен жылы «Қазақстан темір жолы» Ұлттық Компаниясы мен оның филиалдарына тексеру жүргізген. Нәтижесінде, қаптаған заң бұзушылықты анықтаған. Әсіресе мемлекеттік сатып алу заңдары өрескел бұзылғаны белгілі болды. Сатып алулардың 95 пайызы бір көзден алу әдісі бойынша жүргізілген. Сондай-ақ жобалық сметалық құжаттардың құны қолдан қымбаттатылған. Вагондарды қолданысқа беруде кәсіпкерлермен арадағы келісімдер тікелей ақшамен шешіліп отырған. Осы сынды түрлі заң бұзушылық нәтижелерінде 20 қылмыстық іс тіркелген. 15 адам жауапқа тартылып, 3-еуі сотталған. Бұл туралы Семейде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы Республикалық Қоғамдық кеңес отырысында айтылды. Облыс басшылар мен өңір жұртшылығы қатысқан жиында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы бойынша атқарылған жұмыс нәтижелері тыңдалды. Сыбайлас жемқорлықпен күресте қоғамдық бақылауды күшейту жолдары талқыланды.
Марат Башимов, Республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы:
Кеше ғана қабылданған қоғамдық бақылау деген заң бірінші орынға шығып тұр ғой. Әр сала болсын, қоғамдық бақылаусыз сіз түк жасай алмайсыз. Сіз әділетті қоғамды құра алмайсыз. Сол үшін әрбір қарапайым азаматтың айтқаны маңызды болып тұр.
Ержан Жақып
