Семейде Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Онда заңсыз ойын бизнесімен күрес, жастар арасындағы лудомания проблемасы талқыланды. Бейресми деректерге сай, 350 мыңдай қазақстандық құмар ойындарына тәуелді. Олар қоғамның да отбасының да алдындағы жауапкершілікті жоғалтады. Салдарынан ажырасу көп. Өткен жылы 3700-ге жуық адам өз-өзіне қол салған. Соның 20 пайызы лудоманияға шалдыққандар. Мамандар тексерген букмекерлік кеңселердің 90 пайыздан астамы шет елде тіркелгені анықталған. Олардан түсетін салықтың да қайда кетіп жатқаны беймәлім. Ерлан Қарин мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттар бірлесіп әрекет еткенде ғана лудоманиямен күрестің тиімді жүзеге асатынын атап өтті.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
2020 жылы казино, букмекер осылардың қаржылық айналымы 80 миллиард болатын болса, екі жылдан кейін 500 миллиардқа жетті. Сонда қанша есеге артып отыр. «Есірткісіз болашақ» корпоративтік қоры 17-25 жас аралығындағы қазақстандықтар бұл қадамға не үшін барғаны жайында сұрап, сауалнама жүргізген. Сонда сауалнама қатысқандардың 69-70 пайызы онлайн казино, букмекерлік кеңселердің алдындағы қарызды өтей алмағандықтан суицид жасауға шешім қабылдағандықтарын айтқан.
Мемлекеттік кеңесші Кеңес мүшелерін өзекті проблемаларды тиімді шешу үшін жастар саясатының күн тәртібін қалыптастыру мен белсенді іске асыруға шақырды. Кездесу қорытындысы бойынша мемлекеттік органдардың жұртшылықты ақпараттық-профилактикалық жұмысқа тарту барысында қолданатын нақты ұсыныстар әзірленді.
Ержан Жақып