Жетісуда кәсіпкер құқығын қорғайтын мобильді топ құрылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісуда кәсіпкер құқығын қорғайтын мобильді топ құрылды

02.06.2023

Жетісу облысында жыл басынан 2 мыңға жуық кәсіпкердің құқығы қорғалды. Өңір прокурорлары 29 заңсыз тексеруді тоқтатып, 1000-нан астам шектеу шараларының күшін жойған. Орта және шағын бизнеске кедергі келтірген 43 лауазымды тұлға әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Талдықорғанда құқық қорғау орган басшылары аймақ кәсіпкерлерімен кездесіп, оларды мазалаған мәселелерді талқылады. Агроөнеркәсіп секторында 40-тан астам шаруа 800 млн теңгеге жуық субсидиялық төлемдерін ала алмай жүр. Жекеменшік балабақшада қызмет ететін педагогтар мемлекеттік қолдаулардан қағылып отыр. Жол жөндеу жұмыстарының сағызша созылуынан туризм саласындағы кәсіпкерлер шығынға батқан. Кәсіпкер мәселесін жылдам шешу үшін құқық қорғау органдары өкілдерінен тұратын мобильді топ құрылды.

Роман Мартыненко, кәсіпкер:

Бір аптадан кейін Балқаш көлінде шомылу маусымы басталады. Ол жаққа апаратын жол мүлдем жоқ десе болады. Айналма жолдарға өткір тас төсеп тастаған. Дөңгелек жиі тесіліп, жарылады. Салдарынан екі жылдан бері демалушылар саны бірнеше есе азайып кетті. Бизнес тоқтап, жергілікті тұрғындар да табыссыз қалып отыр. 

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу