Басты Жаңалықтар Ақтөбеде балалар күніне орай бөбектер үш аяқты велосипедпен жарысты

Ақтөбеде балалар күніне орай бөбектер үш аяқты велосипедпен жарысты

Бүгінгі балалар мерекесін ақтөбеліктер ерекше тойлады. Орталық саябақта бір жасқа толмаған бөбектер еңбектеуден сайысқа түсті. Одан үлкендері үш аяқты велосипедпен жарысты. Ал әр түрлі тақырыпта безендірілген қоларбалар шеруі мерекенің көркін ашты. Еңбектеу сайысына 70 бала қатысты. Оларды қолдауға ата-аналары мен ата-әжелері келген. Балаларының мәреге бірінші келуі үшін олар да барын салды. Бірі ойыншықпен шақырса, енді бірі тіпті, бөбектерін су құйылған ыдыспен алдап, еңбектетуге тырысты.

Наурызғали Сибағатов, қала тұрғыны:

Өзінің атасы өмір бойы спортта жүрген адам.Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысымын. Дзюдо күресінен. Болашақта немеремде спортқа осы жастан бастап қатысып, болашақта деген баламыз үлкен азамат болсын немереміз!

Үш аяқты велосипед мінген балалар тіпті белсенді. Көбі осы сайысқа арнайы дайындалып келген. Ал қоларбалар шеруіне қатысушылар бұл шараға бүкіл отбасыларымен дайындалғандарын айтады. Басқалардан асып түсу үшін қиялдарына барынша ерік берген.

Күләш Сәрсекенова, қала тұрғыны:

Осы қоларба жарысына қоларбамызды домбыра кескінінде жасап келдік. Себебі ол ұлтымыздың ұлттық аспабымыз болғандықтан балалар үйреніп, біліп жүрсін, өзімізідң ұлттық аспаптың дәрежесін түсінсін балалар, домбыраға бейім болсын дегендіктен осы домбыра кейпінде жасап келдік.

Бүгінгі шараға қатысқан бір де бір бала сыйлықсыз қалған жоқ. Ал жеңімпаздарға арнайы жүлделер табысталды. Шара орталық алаңда өнерлі балалардың қатысуымен өткен мерекелік концертке ұласты.

Жақсыбек Кемал


Бөлісу