Мемлекет басшысы Алматыда тарихи құжаттарды қалпына келтіру жұмыстарымен танысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Алматыда тарихи құжаттарды қалпына келтіру жұмыстарымен танысты

31.05.2023

Осы күнге дейін аса құпия түрде сақталған 260 мыңнан астам құжат, Алматыдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерттеу орталығына берілген. Бұл жайында Президенттің мегаполиске жұмыс сапары барысында белгілі болды. Қасым-Жомарт Тоқаев орталық жұмысымен танысты. Онда зұлмат заманда қудаланғандарға қатысты бұрын соңды жария етілмеген мәліметтер бар. Өткен ғасырдың 30-50 жылдары 130 мыңдай адам саяси-қуғын сүргінге ұшырады. «Халық жауы» деп танылғандардың басым бөлігі сотталды, айдалды, 25 мыңы ату жазасына кесілді. Жазықсыз жаланың құрбаны болғандары қаншама. Оларды ақтау жұмысын жеделдету үшін екі жыл бұрын материалдарды зерделеу орталығы құрылған еді. Өйткені осы уақытқа дейін жазықсыз жазым болғандарды ақтау үшін тарихи құжаттар жеткіліксіз еді. Енді Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратура мен ішкі істер министрлігінде осы күнге дейін аса құпия түрде сақталған 260 мыңнан астам құжат осы орталыққа берілді. Арасында тергеу мәліметтері, ату жазасына кесу туралы бұйрықтан бастап, Алаш арыстарының құжаттары, қол жазбалары тіпті саусақ іздеріне дейін бар. Президентке таныстырылған құжаттардың ішінде Сталиннің портретіне рагаткамен тас атқан үшін жазаланған 17 жастағы жеткіншектің үстінен қозғалған істі де көруге болады. Қазір осы сынды тарихи құжаттар қалпына келтіріліп, цифрландырылып жатыр. Өйткені кейбірінің жазуы өшкен, жыртылған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Архив деген біздің тарихымыздың негізі ғой. Сондықтан тиісті құжаттарды дұрыстп сақтауымыз керек. Ел үшін керек.

Досжан Маратұлы, тілші:

Сондықтан мемлекет басшысы құжаттарды түгендеп, ақтау жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Енді жыл соңына дейін қуғын сүргін құрбандарына қатысты тағы 460 мың құжат берілмек. Олар қалпына келтіріліп, сандық форматқа көшірілген соң, арнайы комиссияның қарауына жберіледі. Кейін ондағылар халық жауы атанғандарды ақтау немесе ақтамау туралы шешім шығармақ.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу