Америкалық азамат қазақ тілін 9 айда меңгерген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Америкалық азамат қазақ тілін 9 айда меңгерген

31.05.2023

«Қазақ тілі- әлемдегі ең әдемі, әрі оңай тіл. Сондықтан оны жақсы көремін», - дейді америкалық азамат Грейди Вон. Вашингтон тұрғыны қазақ тілін небәрі тоғыз айда меңгерген. 

Грейди Вон өзіне лайықты шапан қарап жүр. АҚШ-тағы Қазақстан елшілігінің шараларынан қаламайтын америкалық үшін қазақтың ұлттық киімі жеке гардеробында болуы маңызды. Ол осыдан 4 жыл бұрын Қазақ мемлекеттік заң университетінде студенттерге тоғыз ай ағылшын тілінен сабақ берген. Сол аралықта өзі де қазақ тілін үйреніп алыпты.

 Грейди Вон, Вашингтон қаласының тұрғыны:

Қазақ тілі әдемі тіл орыс тіліне қарағанда және менің мақсатым еркін сөйлеу.

Ол еркін сөйлеу деңгейіне жету үшін Вашингтондағы қазақ тілі курстарына қатыспақ. «Қазақ тілі әдемі ғана емес, әрі үйренуге оңай. Күрделі грамматикалық ережелер жоқ. Тек ынта мен жігер ғана керек», - дейді маман. 

Грейди Вон, Вашингтон қаласының тұрғыны:

Қазақ тілін үйрену үшін көп уақыт және практика қажет. Бұл қиын тіл емес.

Америкалық азамат Қазақстанда болған санаулы ай ішінде біраз тарихи және табиғи жерлерді де аралап үлгерген. Әсіресе Бозжыраны ерекше ұнатып қалса керек. Арада төрт жыл өтсе де сол сапарда түсірген суреттерін өшірмей, телефон жадына сақтап қойыпты. «Қонақжай елді сағындым» деп ағынан жарылған Грейди көп ұзамай қазақстандағы достарына арнайы келмек.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу