БҚО-да науқастар әкімдікте емделіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-да науқастар әкімдікте емделіп жатыр

30.05.2023

Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданында медициналық мекеме ғимараты тапшы. Науқастар әкімдікте емделіп жатыр. Өйткені фельдшерлік-дәрігерлік амбулаторияның қабырғасы қақырап, төбесі құлағалы тұр. Әлеуметтік нысан жөндеуге жабылған. Бұлан ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның іргетасы шөгіп, қабырғасы қисайып, құлайын деп тұр. Қырық бес жыл бұрын салынған ғимараттың төбесін білік темірмен тіреп қойған. Жобада тастан соққан ғимараттың қаңқасы мен төбесі ағаш деп қате көрсетілген.

Серік Зиятов, Сырым аудандық мәслихатының депутаты:

Қабырғасы сыртқа қарай шалқайған. Жоғары жағы, әсіресе, 5-6 см сыртқа қарай теуіп тұр. Жоғары жабыны ағаш деп тұр. Ағаш емес, бетон. Сыртқы қабырғасын щитовой деп қойған. Дұрыс сараптама жасалмаған. Халықтың қаржысына жөнделіп жатқан ғимарат. Дұрыс болғанын қалаймыз.

Қазір ғимарат күрделі жөнлеуге жабылып, медициналық мекеме әкімдікке көшірілген. Дәрігерлер науқастарды жиһазбен екіге бөлінген аядай ғана бөлмеде қабылдап жатыр. Амбулаторияның материалдық-техникалық базасы әбден ескірген. Көлік, компьютер, интернет байланысы мүлдем жоқ. Мамандар қағаз толтырып, екі жұмыс жасап отыр.

Ақжібек Байжігітова, мейірбике:

Компьютер бұрыннан жоқ бізде.Біздер ауданға барып жұмыс жасаймыз. Жедел жәрдем де жоқ. Шыны керек, біз таксимен өзіміздің қаражатымызбен барып, бүкіл дәрілерді де өзіміз алып келеміз. Қаралған науқастарды аудандық ауруханада бір компьютер бар ауылдарға арналған. Соған деректерді саламыз.

Фельдшерлік пункттің күрделі жөнделуіне 61 млн теңге қаралған. Тапсырыс берушілер тұрғындар талабын орындауға уәде берді.

Роза Тахамбетова, Сырым аудандық ауруханасының директоры:

Бұлан ауылдық округінің тұрғындары оны қалай жасайсыздар деп бізден сұрап отырғаны. Мына жар кетіп жатыр. Мердігеріміз бекітеміз, тарттырамыз, барлық керек жұмысын жасаймыз деп уәде беріп тұр. Соған орай біз әрі қарай бақылауға алып, тырысамыз. Ал құрал-жабдықарға біз сұраныс беріп тастадық.

Әзірге ауылдықтардың ескі ғимаратты жөндегенше жаңасын салсын деген талабы орындалмай тұр. Өйткені облыс бойынша құрылысы мерзімінен кешігіп тоқтап тұрған нысандар өте көп.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу