Петропавлда 300 метр жолдың құрылысы 3-ші жылға созылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавлда 300 метр жолдың құрылысы 3-ші жылға созылды

30.05.2023

Петропавлда 300 метр жолдың құрылысы 3-ші жылға созылды. Былтыр күзде ғана төселген асфальт бұзылып, жаңасы салынып жатыр. 2021 жылдан бері жоба бірнеше рет өзгертіліп 3 рет қаржы бөлінді. Театр және Пушкин көшелерін жалғайтын жол қашан қолданысқа беріледі? 

Эльмира Кәленова, тілші:

Бастапқы жоспар бойынша бұл жерде екі көшені жалғайтын асфальт және жаяу жүргіншілерге арналған тротуар болуы тиіс еді. Алайда жобадағы жалпақ жол жіңішкеріп, жіңішкесі мүлде алынып тасталды.

Бұл аумақ абаттандырылмай бос жатқан еді. 2021 жылы қаланың бас жоспарына сәйкес жол құрылысы қолға алынды. Авторлық жоба жасалып, мемлекеттік сатып алу өткізілді.

Руслан Асаубаев, қоғамдық ұйым өкілі:

Қалалық әкімдікте техникалық кеңес отырысы ұйымдастырылып, жобалық-сметалық құжаттар өзгертілген. Театр көшесі жағынан жолдың ені 6 метрден 3 метрге, Пушкин көшесі тұсынан 14 метрден 7 метргедейін кеміген.

Шағым бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы жоспардан тыс тексеріс жүргізген. Мамандар жолды жөндеу кезінде бірқатар олқылықтар анықталғанын растап отыр.

Әділ Мерғалымов, Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бөлім басшысы:

Жол құрылысы авторлық қадағалаусыз, сараптамадан өтпеген жоба бойынша жүргізілген. Жұмыстың басталғаны жөнінде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы хабардар етілмеген. Тұрғын үй шаруашылығы бөліміне қатысты бірнеше әкімшілік хаттама толтырылды.

Ал әкімдік өкілдері мердігерді жауапсыз деп тану мақсатында сотқа арызданған. Ұзындығы 300 метр жолдың құрылысына 100 млн теңгеден астам ақша бөлінген еді. Биыл қайтара қаражат құйылмақ. Бір қызығы байқауды тағы да сол компания ұтып алған.

Әділбек Әубәкіров, қала әкімінің орынбасары:

Жол жиектері бір қысқа шыдамай, шашылып қалды. Сондықтан әкімдік нысанды қабылдаған жоқ. Биыл 240 млн теңгеге әртүрлі жұмыс түрлеріне байқау жарияланды. Соның аясында жол құрылысы аяқталады. Ал мердігерге мемлекеттік сатып алу байқауына қатысуға ешкім тыйым сала алмайды.

Мамандардың айтуынша дәл осы тұста жер асты арқылы жылу, кәріз, су және телефон жүйесі тартылған. Сондықтан жолды жіңішкертуге тура келген.

Эльмира Кәленова


Хабарламаларға жазылу