АҚШ сырттан қаржы тартатын болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ сырттан қаржы тартатын болды

30.05.2023

Дефолт болмайды. АҚШ ұлттық қарыз шегін көтеріп, әлеуметтік міндеттерін орындау үшін сырттан қаржы тартатын болды. Бұл орайда, Президент Джо Байден пен Өкілдер палатасының төрағасы алдын-ала келісімге келгендерін мәлімдеді.

Жалғас Сәдібекұлы, журналист:

Ұлттық қарыз шегіне қатысты қызу тартысқа түскен екі жақ бірнеше ай дегенде негізгі бюджет шығыстары бойынша ортақ келісімге келді. Бұл Америка жұрты үшін жақсы жаңалық деп мәлімдеді Ақ үй басшысы. Себебі өзара уағдаластық экономикалық рецессияның алдын алып, халықты әлеуметтік қолдау мен миллиондаған жұмыс орындарын сақтап қалады. Десе де, Ақ үй бірқатар шығыстарын қысқартуға мәжбүр болған.

Кевин Маккарти, АҚШ Өкілдер палатасының спикері:

Бұл Америка халқы үшін лайықты келісім деп есептеймін. Шығыстар едәуір қысқарады. Демек, адамдарды кедейлікке әкелетін масылдықтан жұмыс күшіне айналдырады. Жаңа салықтар, жаңа мемлекеттік бағдарламалар жоқ. Жалпы заң жобасы аясында көп өзгеріс бар.

Жалғас Сәдібекұлы, журналист:

Демек, бұл жолы да Байденнің көптен бері айтып жүрген байларға салықты көтеру ұсынысы өтпеді. Есесіне халықты біраз әлеуметтік қолдау да азаяды. Мәселен, қазіргі кезде мемлекеттен жәрдемақы алатын америкалықтар 49 жасқа дейін жұмыс істеуі міндетті болса, енді бұл меже 54 жасқа ұлғайтылды. Бұдан бөлек, 2024-2025 жылдардың бюджет шығыстары қысқармақ.

Сара Биндер Джордж, Вашингтон университетінің саясаттану профессоры:

Ал қарыздың ұлғаюуына себеп болып жатқан негізгі факторлар: Әлеуметтік қамсыздандыру және Медикер яғни, қарттарға қамқорлық жасау. Медикейе — кедейлерге медициналық қызмет көрсету. Бұлардың ешқайсысы өзгермеді.

Жалғас Сәдібекұлы, журналист:

Айта кетейік, АҚШ-тың ұлттық қарызы биыл жыл басында-ақ 31.4 триллион долларға жеткен. Екі жақты келісім бойынша оны енді 2025 жылға дейін өсіруге рұқсат етілмек. Бұл АҚШ-тың қаржы министрлігіне құнды қағаздар шығарып, ішкі қорлардан және сырттан қарыз алуға мүмкіндік береді. Себебі маусымның 5-і күні АҚШ үкіметінің қаржысы таусылады. Яғни, ішкі және халықаралық міндеттемелерін орындай алмай ел экономикасы дефолтқа ұшырауы ықтимал. Ал бұл сайып келгенде әлемдік экономиканың рецессиясына әкелмек. Сондықтан бұған жол бермеу үшін Конгрестің екі палатасы да тиісті заң жобасын осы апта бекітіп, президенттің қол қоюына жіберуі тиіс.

Жалғас Сәдібекұлы

Хабарламаларға жазылу