«Шет елдегі қандастар мәселесі Президент Қасым Жомарт Тоқаевтың басты назарында». Германияның Кельн қаласында өткен Еуропа қазақтарының құрылтайында Президенттің кеңесшісі Мәлік Отарбаев осылай деп мәлімдеді. Ол жырақтағы ағайынға Мемлекет басшысының ыстық ықыласын жеткізді. Еуропаның 15 елінен жиналған қазақ ұйымының жетекшілері ана тілі, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрдің сақталуына қатысты мәселелерді көтерді. Қарт құрлықта қазақ мәдени орталықтарын көптеп ашу қажеттігін айтты. Құрылтай аясында тұңғыш рет Еуропадағы қазақ жастарымен кездесу өтті. Оларды Қазақстанда кәсіп ашу мен инвестициялық мүмкіндіктер қызықтырып отыр. Қыз-жігіттердің «Қазақстанда Дүниежүзі қазақ жастарының форумы ұйымдастырылса» деген ұсынысы бар.
Абзал Сапарбекұлы, «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті:
Еуропада тұрып жатқан қазақтарды елдегі ата-жұрттағы жағдай,соған ерекше қызығушылықпен қарап отқанын көрдік. Оның ішінде жаңа Қазақстанның реформалары, оның ішінде Қазақстанның шетелдегі қазақтарға көңіл бөлу мәселесі көбірек талқыланды. Ана тілі мәселесі де Еуропа қазақтарын толғандырады екен.
Нұрсұлу Қасым