Шымкентте еңбек қатынасында 98 заңбұзушылық анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте еңбек қатынасында 98 заңбұзушылық анықталды

29.05.2023

Шымкент қаласында жұмыс берушілер тарапынан еңбек заңдылықтарын бұзудың 98 дерегі анықталды. Кемшілік жібергені үшін оларға 5 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Жұмысшылардың арыз-шағымы негізінде жүргізілген тексеріс барысында кәсіпорындар мен мекемелердің әсіресе қауіпсіздік талаптары мен жұмысшылар құқығын қорғауға немқұрайлы қарайтыны белгілі болды. Соның салдарынан жыл басынан бері жұмыс атқару кезінде 10 жазатайым жағдай орын алған. Салдарынан 3 азамат көз жұмып, 8 жұмыскер жарақат алған. Осы жағдайлардың себеп салдарын анықтау үшін тергеп-тексеру материалдары құқық қорғау органдарына жолданды. Тағы бір заңсыздық ай сайынғы жалақының дер кезінде берілмеуі. Бүгінгі таңда мегаполисте 72 жұмысшы 8 миллион теңгеден асатын алашағын даулап жүр.

Бауыржан Қалжанов, қалалық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы:

Бұлардың өтелмей тұру себебі - жұмыс жүргізбей тоқтап тұрған кәсіпорындар. Сот процестері және сот орындаушыларының функциясы бойынша өндіру жұмысы жүргізіліп отыр. Жыл басында 4 компания болатын. 18 миллионға жуық қарызы бар. Бұлар І тоқсан ішінде 2 компания өтеді.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу