Тұтынушы ретінде құқығыңыз тапталса не істеу керек? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тұтынушы ретінде құқығыңыз тапталса не істеу керек?

28.05.2023

Қазақстанда 2 жылдан бері «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» заң талқыланып жатыр. Қазір құжат Үкіметтің қарауында. Қолданыстағы нұсқасы 2010 жылы қабылданған. Бірақ, олқылығы көп дейді заңгерлер. Себебі азаматтардың шағымы көбеймесе, азаяр емес.

Серік Құсайынов, ҚР Сим тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары:

2022 жылы біздерге 30167 шағым түсті. Былтыр 43 пайыздан астам біздер шағымдарды қанағаттандырдық. Тиісті шешім қабылдадық. 

Демек, қалған 57 пайызы сотқа жолданды деген сөз. Сонда 17 мыңнан астам азамат өзінікін даулап сот алдына барған ба? Жарайды, олар әйтеуір қарекет қылғандар. Ал, өз құқығын білмей жем болған тұтынушының есебін кім біледі?

Осы орайда ақпараттандыру ақсап тұрғанын байқаймыз. Бірақ жыл сайын бұл бағытқа мемлекеттен 30-40 миллион теңгедей қаржы жұмсалады екен. Онымен коммерциялық емес ұйымдар айналысады. Олар кімдер?

Тұрсын Жаппарова, Республикалық Тұтынушылар құқығын қорғау ұйымы төрағасының орынбасары:

Тәжірибеміз бар Қазақстан бойынша бір где-то отыздан астам осындай ұйымдар бар. Біз көрмейміз ол ақшаны. Оны тұтынушы ретінде өз құқығын қорғай алмай жүрген адамдар ұтып алады. Не себептен? Олар демпинг арзан баға қояды. Не болмаса олар құжаттарды толтыру біледі. 

Заңгерлер «Тұтынушы құқығын қорғау туралы» заңның 2010 жылға дейін қолданыста болған нұсқасы әлдеқайда салмақты еді дейді. Неліктен? Қазіргі заңның қандай кемшілігі бар? Жауапсыз кәсіпкерлерді тексеруге кім кедергі? 

Қаннен-қаперсіз онлайн қызмет арқылы тамаққа тапсырыс берген Айгүл Әбілқасымова осындай жағдайға тап болған. Ашулы курьерден қорыққан ол сол сәтте есік ашпапты. Курьер болса дәлізге мына «дастарханды» жайып кеткен. Сорпаны төгіп-шашып, нанды еденге тастай салған...

Айгүл Әбілқасымова, тележүргізуші:

Қызмет көрсетуші мен тұтынушының арасында ешқандай бір конфликт,ешқандай бір реніш болмаса тауардың сапасына қатысты ол кісімен сөйлеспес бұрын ешқандай ондай ситуация болған емес.

Телефонды көтергеннен курьер еш себепсіз дүрсе қоя беріпті. Кейін жеткізу қызметіне де, дәмханаға да шағым түсірген. Бірақ, мардымды жауап ала алмаған.

Клиенттердің шағымы үшін бөлек не бар екен сол жерге жаздым. + Бар айтқаны «кешірім сұраймыз, осылай болғаны өкінішті курьердікі дұрыс емес» деген сондай пікір ғана айтылды. Болды.

Осылай құқығы бұзылған тұтынушылар Қазақстанда жыл санап көбейіп жатыр. 2020 жылы 21 мың тұтынушы шағым түсірген. 2021 жылы 25 мың, былтыр бұл көрсеткіш 30 мыңға дейін жеткен. Көбіне мұндай жағдайлар бөлшек саудада кездеседі екен. Тұрмыстық қызмет пен электронды сауда алаңында да болып тұрады.

Тұрсын Жаппарова 20 жылдан бері тұтынушыларды қорғап жүрген заңгер. Маман соңғы уақытта азаматтар сәл де болса өз құқығын талап етуді үйреніп келе жатыр дейді. Бірақ қолбайлау болып тұрған қазіргі заңның шикілігі.

Тұрсын Жаппарова, Республикалық Тұтынушылардың құқығын қорғау ұйымы төрағасының орынбасары:

91 жылғы қабылданған заң өте маңызды нағыз тұтушының қорғайтын заң болды. Не себептен? Онда нағыз механизм болды. Мысалы тұтушының құқығын бұзған кезде осындай айыппұл салынады деп айыппұлдың соммасы жазылып қойған. Сауда үйге барғанда сол сатып алған тағам сапасыз болса тұтынушының алдында жауап беретін сол сауда үйі деп. Оны да алып тастады.

Осындайда істің ақ-қарасын сот шешпей ме деген ой туады. Бірақ қолданыстағы тұтынушы құқығын қорғайтын заңға сәйкес азаматтар бірден сотқа шағымдана алмайды. Алдымен кәсіпкерге баруы керек. Қос тарап келісімге келе алмаса тұтынушы өз құқығын қорғайтын ұйымға жүгінеді. Содан кейін мемлекеттік органға шағым түсіреді. Олар да өтінішті қанағаттандыра алмаса сотқа шағымданады. (Кестемен көрсетіледі.) Жауаптылар жаңа нұсқа олай болмайды дейді. 

Серік Құсайынов, ҚР СИМ Тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары:

Екі кезең болады тек қана. Бірінші кезең тұтынушымен кәсіпкер өзара келіседі. Арасында дау туындаса. Келісімге келмесе тұтынушы сотқа жүгінуге құқылы. Тікелей. Мына алдыңға кезеңдерді өтуге тиісті емес.

90 жылдардағы заңның тағы бір артықшылығы мынада дейді мамандар. Егер жауапсыз кәсіпкердің кінәсін сот анықтаса, ол тұтынушыға тауар сомасын толық қайтарады. Және құнның 30 пайызы көлемінде айыппұл төлейді. Бұл қаражат тұтынушы құқығын қорғайтын ұйымға аударылатын. Еңбегі үшін. Қазір олар ақылы қызмет көрсетеді. Мұндай өзгеріске кәсіпкерлер қалай қарайды?

Гүлжан Тоқпақбаева 20 жылдан бері жиһаз саудасында. Қазір Қазақстандағы үздік ондыққа кіретін салонда еңбек етеді. Тұтынушымен арада түсініспеушілік болып тұрады дейді. Тіпті, сотқа дейін барған кездер де болған. 

Гүлжан Тоқпақбаева, дизайнер:

Көп кісі тапсырыс береді, бірақ не керек екенін өздері білмейді. Не беріп жатқанын түсінбейді.  Сондықтан да үйге алып келген кезде сұрақтар туындай бастайды. 

Әрине, мұндай ірі сауда орындарында ашықтық бар. Бірақ, шағын кәсіпкерлік нысандары, мысалы үй жанындағы дүкендер бұған келісе қоюы екіталай. Себебі 2016 жылдан бері мараторий жарияланған. Оларды жоспардан тыс тексеруге болмайды. 

Тұрсын Жаппарова, Республикалық Тұтынушылардың Құқығын Қорғау Ұйымы Төрағасының Орынбасары :

Заңдардың бәрін, мемлекеттік органдардың бәрін тексеретін функцияларын мынадай кішкентай бір рамкаға кіргізіп жіберді. Не былай, не былай мемлекеттік орган тексере алмайды.Құқығын бұзған сауда үйге бармай-ақ былай ескерту деген заң жазылған. Бұл мүлде дұрыс емес. Қалай сен бармай қорғайсың тұтынушының құқығын. 

Осы орайда электронды сауда алаңын да реттеу керектігін айтады мамандар. Себебі аударым арқылы төлем жасап, кейін өзінің дұрыстығын дәлелдей алмай жүгінетіндер аз емес дейді. Онлайн сауда туралы сөз болғанда шет ел тәжірибесін де айта кеткен жөн. Мысалы, қазір Қытайда қолма-қол сауда жасайтындар қатары сиреген. Қытайлықтар онлайн дүкенде таңдау жасап, арнайы бағдарламалар арқылы тапсырыс бергенді жөн санайды. 

Рүстем Нұрлан, Хубэй университетінің магистранты:

Тұтынушылардың құқығының жақсы қорғалған жерлері кез-келген тауардың қанша адамға ұнағанын, ұнамағанын байқай аламыз. Осыған дейінгі тауарды қанша адам заказ бергенін де көре аламыз. Және тауар біздің қолымызға жеткізілгеннен кейін кемінде екі күнде жеткізіледі. Тауардың сапасына көңіліміз толмаса біз кез-келген сәтте сатушымен байланыс ұстап оны қайтарып бере аламыз. 

Ал Қазақстанда онлайны бар, оффлайны бар тұтынушы құқығын бір құжатқа тоғыстырған жөн дейді мамандар. 

Тұрсын Жаппарова, Республикалық Тұтынушылар құқығын қорғау ұйымы төрағасының орынбасары:

Кодекс керек. Тұтынушылар кодексі деген. Ол бүкіл азаматтық кодекстағы бөлек-бөлек мемлекеттегі заңдардың басын құрастырып бір кодекс болуы керек. Сол кезде егер тұтынушының құқығы тапталды ма, сол кодекске сүйене отырып мәселені шешуге болады. 

Ал екі жылдан бері талқыланып келе жатқан «Тұтынушы құқығын қорғау туралы» заң қазір Үкімет қарауында. Алдағы маусым айында Мәжілістің талқысына түседі. Екі жылға созылған құжат екі айда біржақты бола қояр ма екен...? 

Елдос Есенбол, тілші: 

Бірақ, заңның олқылығына сілтеп қол қусырып отыра беруге тағы болмайды. Егер сіздің тұтынушы ретінде құқығыңыз тапталса не істеу керек? Мысалы сізді таразыдан жеді немесе тауар сапасына қатысты алдады делік. Заңгерлер мұндайда тікелей 102 нөміріне хабарласуға кеңес береді. Егер кәсіпкердің кінәсі дәлелденсе 10 айлық есептік көрсеткіштен бастап, 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл арқалауы мүмкін. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте осылай жазылған. 
             

Хабарламаларға жазылу