Түркияда президент сайлауы аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда президент сайлауы аяқталды

28.05.2023

Түркияда президент сайлауының екінші кезеңі өтіп жатыр. Ердоған ба? Қылычдароғлы ма? Сарапшылар мен аналитикалық орталықтардың өздері қандайда бір болжам жасаудан аулақ. Екеуі тең келе жатқанын айтады. Бірақ апта басында үшінші кандидат Синан Оган Режеп Тайып Ердоғанды қолдайтынын мәлімдеген еді. Ол бірінші кезеңде дауыс берушілердің 5 пайыздан астамын жинаған.

Түркияда президент сайлауы 14 мамырда өтіп, оның қорытындысы бойынша ешбір кандидат 50 пайыздан артық дауыс жинай алмады. Сайлаушылардың 49,52 пайызы Режеп Тайып Ердоғанға, 44,88 пайызы Кемаль Қылычдароғлыға дауыс берген еді. 

Айдос Әшімұлы, тілші:

Түркиядағы президенттік сайлаудың екінші кезеңінде дауыс беру процесі жаңа ғана аяқталды. Жергілікті уақытпен сағат 17:00-де учаскелер жабылып, дауыстарды санау жұмыстары басталды. Түркияның жоғарғы сайлау комиссиясы саяси науқан кезінде қандай да бір өрескел заңбұзушылық болмағанын айтты. Осыдан екі апта бұрын өткен бірінші турда ең көп дауыс жинаған қазіргі президент Режеп Тайып Ердоған мен оппозициялық блок өкілі Кемал Кылычтароғлы Түркияның келесі президенті болу үшін дауысқа түсті. 60 млн дауыс беру құқығы бар азаматтың таңдауы кім болғаны, яғни сайлаудың алдын ала қорытындысы бүгін түнгі 00:00-де жарияланады.

Ал сайлаудың нақты қорытындысы 31 мамыр күні белгілі болмақ. Түркия сайлау заңнамасының бір ерекшелігі кешкі алтыға дейін ешқандай баспасөз құралында сайлаудың алдын-ала қорытындысы немесе неше пайыз адам қатысқаны туралы ақпарат бөлісуге тыйым салынған. Кешкі алтыда жоғарғы сайлау комиссиясы ресми мәлімдеме жасайды, сол ақпаратты ғана бөлісуге рұқсат. Сондықтан қай кандидат алда келе жатқаны туралы ақпарат жоқ.

Мен барған сайлау учаскелерінің барлығында халық өте белсенді екенін байқадым. Учаске ашылғаннан бастап халық топ-тобымен дауыс беруге келе бастады. Түске дейін негізінен егде жастағы адамдар келсе, түстен кейін көбіне жастар келгенін көрдім. Бұл сайлаудың ең басты ерекшеліктерінің бірі жастардың саяси науқанға өте белсенді араласуы дейді мамандар. Жалпы Түркия халқы саяси белсенділігімен танымал. Бірінші турда дауыс беру құқығы бар халықтың тоқсан пайызға жуығы сайлауға қатысқаны тұрғындардың қаншалықты белсенді екендігін көрсетеді. Мамандар екінші кезеңде де халықтың тоқсан пайызы дауыс берді деп топшылап отыр.

Хабарламаларға жазылу