Жамбылда көне шаһардың орны табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбылда көне шаһардың орны табылды

26.05.2023

Жамбылда осыдан мың жыл бұрын гүлденген Қаракемер қаласының орны табылды. Археологтар көне шаһарды Түрік қағанатынан бастап Қарахан мемлекетінің халқы мекен еткен дейді. Ежелге мәдениеттің орны 600 гектар аумақты қамтиды. Ал қала орнынан табылған тарихи жәдіргерлер тарихшылардың таңданысын тудырды. Көне мәдениеттің нышаны Қаракемер қаласының орны Жамбыл ауданы, Құмтиын ауылының маңынан табылған. Археологтар екі бөліктен тұратын ежелгі қала 7 және 12 ғасырларға тиесілі дейді. Көне шахар көшпенділерден бастап дін таратушы мемлекеттердің мекені болған деп топшылайды.

Ералы Ақынбек, археологтар тобының жетекшісі:

Бұл жерде Түрік қағанаттары өмір сүрген. Жалпы айтатын болсақ, Батыс түрік қағанаты, Түркеш, Қарлұқ, Қарахан мемлекеттері тұсында осы қала өмір сүрген. Қала бірнеше құрылыс кезеңінен тұрады. Төрткүлтөбе 1-де, көлемі 11/12 метрлік қазба жұмыстары жүргізілді.

Қала орнын осыдан 85 жыл бұрын кеңестік шығыстанушы Бернштам табады. Бірақ ешқандай кешенді зерттеу жұмыстары жүрмеген. Ал Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының мамандары 20 күн бұрын басталған жұмыс нәтижесінде тың жаңалыққа қол жеткізді.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Қазба кезінде қыш құмырадан бастап шыны, шишаға дейін шықты. Сондай-ақ, Қаракемер қаласын қазушы археологтар тандыр пешінің орнын тапты. Ошақ орны осы жерде тұрғын бөлменің болғанын білдірді. Көне қала астында көмбе жатыр деген зерттеушілер бұл жерді әлі бір ай бойы індете қазбақ.

Шыны демекші, археологтар оның сынықтарына қарап сол кездегі сәулет өнері мен бұйым жасау технологиясы жоғары деңгейде дамыған дейді. Ал жануарлардың сүйектеріне қарап қала халқы тек ұсақ малды қолда ұстағандарын айтады.

Мәмбет Шағырбаев, зооархеолог:

Анықтап күнге қарайтын болсаңыз, ауа көпіршіктері де аз. Әдетте ауа көпіршектері жоғары болатын болса оның балқу температурасы төмен және сапасыз болады. Мынау өте сапалы жасалған Дәл қазір оны бізге берсең қолдан жасай алмауымыз мүмкін аппаратпен жасамасақ. Қарапайым түрде жасаудың өзі ол жоғары шыны бұйым жасау үшін 1200 градуста құмды ерітіп, балқытып жіберу деген ол өте жоғары дәлдікті қажет етеді.

Ертедегі мемлекеттерде егін шаруашылығы дамығанын түркілердің темірден соққан соқасы айғақтайды. Археологтар маусым айының соңына дейін қала орнын толық зерттеп бітірмек.

Данияр Әлімқұл

Хабарламаларға жазылу