ШҚО-ның Риддер қаласында он күннен астам уақыт ыстық су жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-ның Риддер қаласында он күннен астам уақыт ыстық су жоқ

26.05.2023

Шығыстағы Риддер қаласында он күннен астам уақыт ыстық су жоқ. Бұл әсіресе көпқабатты үйде тұратын тұрғындар үшін қиын. Себебі жылыту электр орталығы жұмысын тоқтатып, жөндеуге қойылды. Алайда стратегиялық нысанды жаңалау жұмыстары әлі басталған жоқ. Сондықтан тұрғындар алдағы қыста жылусыз қаламыз ба деп алаңдаулы. Қыстай жылуға жарымаған тұрғындар жаз шыға ыстық сусыз отыр. Сондықтан пәтерлеріне жаппай су ысытатын қондырғы орнатып жатыр.

Гүлжан Ысқақова, Риддер қаласының тұрғыны:

Өйткені кішкентай баламыз бар. Немерем бар. Оны суға түсіру керек. Енді қазір электр энергия қымбат. Айына 10-13 мыңға шығады.

Электр энергиясының бағасы қымбат болса да су жылтатын басқа мүмкіндік жоқ. Қаладағы 55 мыңнан аса тұрғынның тең жартысы көпқабатты үйде тұрады. Ал бәрінде бірдей саяжай жоқ. Жылыту электр орталығының жұмысы мамырдың онында тоқтаған. Жұмысшылардың көбі уақытша демалысқа кеткен. Қазір стансыда 1-2 маман ғана жүр. Ал бүгінге дейін атқарылдатын жұмыстың тек жобасы ғана жасалған.

Кирилл Голота, «Риддер ЖЭО» вице-президенті:

Жұмыс ауқымы өте үлкен. Бірінші және алтыншы қазандық пен су жинайтын негізгі 5 құрылғыны жаңалау қажет. Қосымша су беру жүйесі тағы бар. Ұсақ құрылғылары да тозып тұр. Қыста болған өрт пен апаттан моң ғимарт та зақымданған.

Зақымданған ғимараттың есік-терезесінің алба-жұлбасы шығып жатыр.Тозып тұрған тек орталық нысан ғана емес, қалаға жылу беретін құбырдың да сапасы сын көтермейді.

Олжас Керейхан, тілші:

Жалпы Риддер қаласында 180 шақырым жылу құбыры болса, оның 130 шақырымы жылыту электр орталығының қарамағында. Қалған 50 шақырымына басқа мекемелер иелік етеді. Мамандардың айтуынша төселгеніне 50-60 жыл болған бұл құбырлар да қазір әбден тозып тұр. Ол оның қанша бөлігі жаңаланатыны да анықталған жоқ.

Жылу құбырын жаңалау үшін техникалық сараптама енді жүргізілмек. Қанша бөлігін жаңалау қажет екенін тағы ешкім білмейді. Ал жылыту электр орталығын толық жаңғыртуға 7-8 миллирард теңге керек. Бюджеттен қаражат бөлу үшін стратегиялық нысан мемлекет меншігіне өту тиіс. Бұл мәселе әлі үкіметтің қарауында.

Мұрат Байжүменов, Риддер қаласы әкімінің орынбасары:

Бүгінге дейін жөндеу жұмысын жүргізуге ниетті 7 мердігермен кездесу өтті. Олар қазандықтарды қалпына келтіру мен қосымша құлғыларды жөндеуга келісіп отыр. Келесі апта бірнеше компания нақты жұмысты бастамақ. Ең негізгі мәселе қыркүйекке дейін бұл жұмыстарды толық аяқтау керек.

Риддерде жылу қыркүйектің ортасында беріле бастайды. Қар қалың, қыс қатты болған жылы мамырдың ортасына дейін тоқтамайды. Сондықтан қаладағы жылыту эелектр орталығының тезірек жөнделуіне халық та, ұлық та ерекше мүдделі.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу