Жамбыл облысының Жарлысу ауылында 400 млн теңгеге салынған су тарту станциясы жарамсыз күйде тұр. Тұрғындардың айтуынша, 3 жыл бұрын пайдалануға берілген нысан 3 айдан кейін істен шыққан.
Ал суы ащы болып, ішуге де жарамапты. Артынша жергілікті әкімдік жер асты суының қоры таусылды деп станцияны жауып тастаған. Алайда тексере келе тендрді ұтқан мердігер ұңғыманы терең қазбағаны белгілі болды. Тарыққан жұрт суды қазір сатып алып ішеді.
Азамат Сәмбетқұлов, Жарлысу ауылының тұрғыны:
Кәдімгі тұрмыстық насостар қойылған. Айналып келгенде ауылымызға жарты миллиард ақша бөлінді, бірақ әлі жарты қасық та су ішпедік таза судан.
Станцияның құрылысына жауапты бөлім басшысына қатысты қылмыстық іс қозғалған. Қомақты қаржыға салынған нысанның 5 жылдық кепілдігі бар, сондықтан қазір жаңа жоба жасалып жатыр дейді мамандар.
Бауыржан Есеев, Т.Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары:
3-ұңғымаға жоба жасалып жатыр. Жоба жасалғаннан кейін 3-ұңғымадан су шықса шығады, шықпаса әрі қарай осы қорытындысымен құзырлы органдарға жүгінеміз. Талап арыз бола ма оны уақыт көрсетеді.
Данияр Әлімқұл