Алматыда шетелдіктерден 800 АҚШ долларын алған такси жүргізушісі ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда шетелдіктерден 800 АҚШ долларын алған такси жүргізушісі ұсталды

25.05.2023

Алматыда шетелдіктерден 800 АҚШ долларын алған такси жүргізушісі ұсталды. Күдікті халықаралық әуежай маңында туристерді көлігіне отырғызып, қала орталығына дейін мың теңгеге апарып тастауға келіскен. Алайда межелі жерге жеткенде, 1200 АҚШ долларына жуық ақша талап еткен. Оқиға қалай өрбіді? Әуежайға келуші қонақтар өздерін қаншалықты қауіпсіз сезінеді? Бұған дейін Германиядан келген туристерді Алматы орталығына жеткізген жүргізуші жолаушылардан 200 мың теңге алған еді. Ер адам алған ақшасын қайтарып, айыппұл төлеумен шектелген. Осы әрекетінен сабақ алмаған күдікті бұл жолы үндістандық туристерден 350 мың теңге талап еткен.

Винай Раж, Үндістан азаматы:

Қонақ үйге жеткенде ол бізге телефонынан 1180 деген санды көрсетті. Басында мың теңге деген. Біз ойланбастан, теңге ұсынғанда, оның АҚШ доллары екенін айтты. Таң қалып, бас тартқанымызға қарамастан бізді бопсалап, жүк салғыштағы заттарымызды бермейтінін айтып қоқан-лоқы көрсетті. Амал жоқ, сұрағанын бердік.

Шетел азаматтары бірден полицияға шағымданған. Күдікті көп ұзамай қолға түсті. Кінәсін мойындап, туристерден кешірім сұрап, алған ақшасын қайтарып берді. Такси жүргізушісінің көлігі жол жүру ережелерін бұзғаны және төленбеген айыппұлы үшін айып тұрағына қойылды.

Еркін Өтегенов, қалалық ПД ресми өкілі:

Полиция қызметкерлері 1996 жылғы М. Есімді азаматты ұстады. Қазіргі таңда 194-бап бойынша ҚР қылмыстық кодекстің талабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.

Ресейлік Ольга Лопатина да тура осындай жағдайға тап болған. Мың теңгеге апарып тастаймын деген жүргізуші орталыққа жеткенде 25 мың теңге талап еткен. Бұған көңілі толмаған шетелдік мейман әуежайдағы полиция бөліміне шағымданып, арыз қалдырды.

Ольга Лопатина, Ресей азаматы:

Өзін әуежайдың такси қызметіненмін деп таныстырған адам бізді басқа көлікке отырғызып жіберді. Неге сонша қымбат деп сұрағанымда біздің баға солай деді. 4600 рубль қолма-қол санап бердік.

Әуежай маңында жүрген такси жүргізушілері мұндай жағдайдың жиілеп кеткенін айтады. Ақшаға құныққан, сырттан кіргендер көбейген. Соның кесірі бәрімізге тиіп жатыр дейді. Ол саған айтады 1000 теңге кеттік дейді. Есептеу құралымен барасың ана жаққа. 19 км 19 мың дейді. 10 мың беріп құтыласың. Өйткені тарифпен сен келістің ғой. Енді тәртіп сақшылар жүгенсіз кеткен жүргізушілерге бақылауды күшейтпек. Көлік полициясының мәліметінше, жыл басынан бері елдің мазасын алып, өз дегеніне көндірген 300-ге жуық такси жүргізушісі жазаланған.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу