Астанадан 200 шақырым жердегі ауыл өркениет игіліктерінен қағылып отыр
Астанадан 200 шақырым жердегі ауыл өркениет игіліктерінен мүлде мақұрым отыр. Елуге жуық үйі бар елдімекенде таза ауыз су, интернет, ұялы байланыс, мәдениет ошақтары, жол да жоқ. Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Құланөтпес ауылының тұрғындары арнамызға осылай деп хат жазды. Мәселелерін билікке жеткізуді сұрады. Әріптесім Оңғар Алпысбайұлы елдімекенге барып, жағдайды көріп келді.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Астанадан 200 шақырым жердегі елдімекенге 3 сағаттан астам уақыт жүріп келдік. Соңғы 70 шақырымында асфальт жабындысы мүлде жоқ. Ауыл таяқ тастам жерде тұр. Интернет түгіл мобильді байланыс та ұстап тұрған жоқ.
Құрылғанына 40 жыл болған ел екен. 50-ге жуық түтіні бар. Тілшілер келді деп естіген жұрт ауыл мектебінің алдына жинала бастады. Балалар кезіндегі кеңсенің ғимаратында оқып жатыр. Интернаты да ішінде. Тіпті көрші ауылдың балалары осында қатынап оқиды.
Айткүл Оспанова, Құланөтпес негізгі мектебінің мұғалімі:
Жол өте нашар. Ақтүбек пен осы Құланөтпестің арасындағы жол. Арасында өзен бар. Өзен арқылы өткелден өтеміз.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Интернатқа оқушылар қатынайтын жолды көрмекке аттанып барамыз. Алайда ол жолмен біздің көлік жүре алмайтын болды. Сондықтан жол талғамайтын көлікке отыруға тура келді.
Екі ауылды бөліп тұрған өзеннен өтетін көпір жоқ. Көліктің ортан белінен келетін судан кешіп өтпеске амал да жоқ. Әупірімдеп жеткен балалар мектепте заман талабына сай білім де ала алмайды. Мәселе мұғалімдердің біліктілігінде емес. Интернеттің жоқтығында.
Қанжарбек Қуанышов, Құланөтпес негізгі мектебінің мұғалімі:
Кейде бір жетіге дейін баға қоя алмай отыратын уақытымыз болады. Міндетті түрде күнде толтырып отыруымыз керек. Бізді қадағалап отырады.
Айткүл Оспанова, Құланөтпес негізгі мектебінің мұғалімі:
Балаларды олимпиадаларға қатыстыра алмаймыз. Ана жақтан требование көп, районодан. Барлығы онлайн қазір. Соған қатыса алмаймыз.
Дегенмен ең негізгі проблема - таза ауыз су дейді халық.
Елдімекенде бірнеше құдық бар. Тұрғындар ауыз суды шелектеп тасып ішеді. 10 шақырым жердегі ақтүбектіктер де осы суға қарап отыр.
Ардақ Әбенов, Құланөтпес ауылдық округінің әкімі:
Ауданнан келіп жылда келіп экспертизаға алады. Ащы су. Сондықтан осы тұщы суды тартамыз деген жоспарды күтіп отырмыз. 05:31 – Қазір ішіп отырған су зерттелмеген? – Зерттелмеген.
Құланөтпестен 8 шақырым жерден таза ауыз су қоры табылған. Оны елге тарту мәселесі жылда көтеріліп, аяқсыз қалады - дейді ауыл халқы.
Ерболат Хамитов, Құланөтпес ауылының тұрғыны:
Әкім ауысып кетеді. Міне кеше әкімнің өзінің аузынан естідім. Мен жаңадан келдім ғой дейді. Көрдіңіз бе? Отмазка. Ана әкімнен спрос жасай алмайды.Әкімдерге сенуден қалдық. Әкімге сенгелі 40 жыл болды ғой.
Ауылдықтар сенбесе де аманаттарын арқалап аудан әкімдігіне аттандық. Олардың ақпаратынша бұл жұмысқа қаржы қарастырылған. Тек республикалық бюджеттен облыстық, одан аудан қорына аударылғанша уақыт қажет. Ал мердігер компания келісім бойынша белгілі мөлшерде ақша төленген жағдайда ғана жұмысты бастайды.
Нұржан Оралбаев, Нұра аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
Берген өздерінің ақпараттарына қарай мердігер ұйым бірінші маусымнан жұмыстарын бастайды. Қашан бітеді? Қашан су барады ауылға? Су жұмыстарын жүргізу 6-8 ай арасында. Ол ауыл сондай қатты үлкен ауыл болмағандықтан жұмыс жылдың аяғына дейін аяқталады. Мердігермен келісім шарт осылай.
Ал мобильді байланыс орнату облыстық әкімдік пен министрліктің құзіретіндегі жұмыс деді. Оқушылар өтетін өзен өткелі де жуырда шешілмейтінін жеткізді. Көпір салу тым қымбат. Бұл жолдарға тек тас сеуіп тегістеу жұмыстары жүргізіледі.
Оңғар Алпысбайұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
