Ақтөбеліктер дем алып, серуен құратын жер таппай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеліктер дем алып, серуен құратын жер таппай жүр

23.05.2023

Саябақтан сән кетті! Ақтөбеліктер дем алып, серуен құратын жер таппай жүр. Өйткені шаһардағы екі саябақтың астан-кестеңі шығып жатыр. Былтыр бұл аумақтар жөнделіп, жыл соңына дейін барлық жұмыс аяқталуы тиіс еді. Алайда жоспар орындалмады.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Бұл саябақ қаланың ең көрікті жері саналады. Алайда, қазіргі кейпін көріп, шошымау мүмкін емес. Тұрғындар бұл жерге келіп, серуендемек түгілі, алыстан айналып өтуге тырысады. Өйткені, мына шұңқырлар балаларға аса қауіпті.

2008 жылы салынған саябақ былтыр бастан-аяқ жөнделуі тиіс еді. Шаһардағы ең үлкен субұрқақтың аумағы да былтыр бұзылған. Қалалықтардың жиі келіп, дем алатын орны осылайша қирандыға айналды. Қоршаулардың тақтайшалары түсіп, шаңырақ бейнесіндегі сәулет нысанынан сән кеткен. Жанға шуақ сыйлайтын көрікті жердің көзге қораш көрініп тұрғанына қоғам белсенділері де бей-жай қарай алмаймыз дейді.

Мырзабек Серғазыұлы, қоғам белсендісі:

Ақтөбеде басталған жаңарту жұмыстарының 80 пайызы демей-ақ қояйын, елу пайызы мердігірлермен соттасып жатыр.Осындай сапасыз жұмыстар болса, не керек ол бізге? Әр адам, Ақтөбеде тұратын адам, мердігер болса, елін, жерін сүюі керек,әр жұмысын жүрекпен істеуі керек деп ойлаймын.

Ал мынау қаланың ескі бөлігіндегі саябақ. Бұл жердің де осылай қараусыз жатқанына жарты жылдан асты. Қазір қариялар мен жастар серуендейтін жер таппай жүр.

Абай Тоқпанов, қала тұрғыны:

Қопарып тастады да, жапқан да жоқ, темірлерін алып кетті. Болды. Дым жоқ.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, былтыр 8 субұрқақ аумағын жөндеуге мердігер мекемемен 245 миллион теңгеге уағдаласқан. Алайда ол келісім-шарт жарты жолдан бұзылды.Енді жұмысты жалғастыратын жаңа компания іздестіріліп жатыр. Одан бөлек тағы үш гүлзар аумағы жөнделуі тиіс.

Серік Дәулетов, қалалық түкш бөлімінің сектор меңгерушісі:

2022 жылдың желтоқсан айында аяқтауы керек еді. Бүгінгі күні мердігер мекемемен біздер соттасып, недобросовестный дейміз ғой, сондай болып танылды. Маусым айына дейін мердігер мекеме анықталған жағдайда аталған жұмыс жалғасатын болады.

Жаңа мердігер табылған күннің өзінде жұмысты тамыз, қыркүйек айларында ғана бастайды. Яғни ақтөбеліктер бұл жазды саябақ сыртында өткізетін сыңайлы.

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу