Жамбылда ауыл жастары сахнада спортпен шұғылдануға мәжбүр. Меркі ауданы Кеңес ауылының тұрғындары жас буынға жағдай жасалмағанына наразы. Айтуларынша, спортшылар 10 жылдан бері мектеп пен мәдениет үйінің арасында сабылған. Ал жыл басынан бері мәдениет үйіне көшкендіктен ауылдық амбулатория ұжымымен бір шатырды бөлісіп отыр.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Мына есіктің арғы бетіндегі дәлізде ауылдық амбулатория ұжымы отырса, бергі бетінде балуандар белдеседі. Сайдың тасындай жігіттер сахнада спортпен шұғылданып, көрермендер залында күресіп жүр.
Кеңес ауылындағы күреске жазылған 70-ке жуық бала күніне екі мезгіл жаттығады. Мұнда киім ауыстыру, шомылу бөлмелері мүлде жоқ. Ал 7 жылдан бері жанына спортты серік еткен Мұрагер жақында облыс чемпионы болды. Өзге қалалардағы қатарластарға ауыл сахнасында жаттығатынымызды айтуға қысыламыз дейді ол.
Мұрагер Базарбай, күрестен облыс чемпионы:
Сырттағы адамдар, қаладағы адамдар біздің осындай жерлерде жаттығып жатқанымызға күледі, шыны керек күледі. Біздің де сондай жерлерде тренировка жасағымыз келеді. Біресе мектепте, біресе осы жерде жүрдік. Терлейміз кетеміз, терлейміз кетеміз.
Ауыл балаларын спортқа баулып жүрген бапкер мәденит үйінің іс-шарасы қабаттасып, жаттығу жиі үзілетінін айтады.
Ақжол Сатаров, жаттықтырушы:
Биі болады, домбырасы болады. Әкімнің жиналысы болады. Кейде тоқтап қалады. Біресе іс-шара болатын кезде кілемді жинаймыз, шара біткен соң қайта жаямыз. Оның бәрі уақыт, проблема.
Елдос Алтынбеков, Кеңес ауылының тұрғыны:
Сол темір-терсегіміз жоқ, оны көтермеген бала қайдан чемпион болады. Бір дұрыс зал босла екен дейміз. Терлеп-тепшіп шығады, үйлеріне жеткенше суық тиіп жатыр, балалар грибок болып жатыр. Осының бәрі сол душтың жоқтығынан.
Аудан әкімдігі 3 мың тұрғыны бар Кеңес ауылы барлық спорт түрінен озық деп мақтанады. Сондықтан қолайсыздыққа 2 жыл шыдаса жаңа спорт сарайын салып бермек.
Азамат Қасабеков, Меркі ауданық Дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:
Енді бұл уақытша қалыпты жағдай. Басқа ауылдық жерде ғимараттар жоқ, мәдениет үйінен басқа. Сондықтан осы мәдениет үйінде айналысады. Жарыстарға сол жерден барады.
Меркі ауданындағы 45 елдімекеннің 10-нан астамында спорт кешені жоқ. Бірқатарында тіпті болмайтын түрі бар. Өйткені адам саны аз елді мекен жастары көрші ауылдарға барып жаттығады.
Данияр Әлімқұл