Ақмолалық дәрігерлер тың жобаны қолға алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмолалық дәрігерлер тың жобаны қолға алды

23.05.2023

Ақмолалық дәрігерлер тың жобаны қолға алды. Көкшетау қаласының іргесіндегі Красный Яр елді мекенінде медицина қызметкерлері үй-үйді аралап, жүріп-тұруы қиын жандарға көмек көрсетіп жатыр. Невропотолог, терапевт, хирург мамандары үй жағдайында науқастарды ультрадыбыстық диагностикадан өткізіп, ем-дом жасайды.

Зейнеткер Ольга Мишечкина бірнеше жылдан бері қан қысымының жоғарлауы диагнозымен есепте тұр. Бір апта бұрын инфаркт алған. Салдарынан жүріп-тұруы да қиындаған. «Сондықтан емханаға бармақ түгілі үйден шығудың өзі мұңға айналды», - дейді ол.

Ольга Мишечкина, ауыл тұрғыны:

Мен қазір мүлдем жүре алмаймын. Тіпті, ұлдарым да емханаға көтеріп апара алмайды. Өйткені оған барам дегенше барлық жерім ауырып бітеді. Баспалдақтар бар. Ол да қиын. Қазір дәрігерлер күн сайын үйіме келіп, екпе салады. Осының арқасында жағдайым жақсарып келеді.

Сексенді алқымдаған Мұрат Нұрышевтың жүрегіне осыдан 3 жыл бұрын ота жасалған. Содан бері ол арнайы есепте тұр. Ақ халаттылар қарияның үйіне күнде барып, денсаулығын әрдайым бақылауда ұстайды.

Мұрат Нұрышев, ауыл тұрғыны:

Қан қысымым бірде түсіп, бірде көтеріліп, басым айналып кетеді. Дәрігерлерде есептемін. Келіп, тексеріп тұрады. Тегін дәрі-дәрмек әкеліп береді.

Дәрігерлер көмекке мұқтаж жандардың тізімін учаскелік терапевтерден алады. Содан кейін науқастарға хабарласып, ем-дом жасайтын күнді белгілейді. Тіпті, жүріп-тұруы қиын жандар емханада сағаттап кезекте тұрмасы үшін үй жағдайында зертханалық диагностика да жасайды.

Бахытгүл Жуварова, Красный Яр ауылдық емханасының дәрігер-терапевті:

Айына 7-8 науқасты аламыз. Сосын бір жұма бойы оларды тексереміз. Қан қысымдарын өлшеп, инецияларын жасаймыз. Емханаға келмейтін, жүре алмайтын, 60 жастан асқан науқастарға көмек көрсетеміз.

«Ата-анаға қамқорлық» атты бұл жоба осыдан бірнеше ай бұрын қолға алынған. Дәрігерлер осы уақыт аралығында жиырмадан астам адамға үйден медициналық көмек көрсетіпті. Биыл жобаның тұрақты түрде жүзеге асырылуы үшін бюджеттен 35 миллион теңге қаржы қарастырылған.

Нұрлан Ақылбеков, Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Қазіргі уақытта бұл жобаны облыс орталығындағы және шалғай жатқан елдімекендердегі ауруханаларға енгізу мәселесін қарастырып жатырмыз. Алғашқыда пилоттық жоба ретінде қолға алғанбыз. Енді оның дәрігерлерге де, науқастарға да тиімді екеніне көзіміз жетті. Оған қоса, қазір біз шалғай жатқан елдімекендерге жылжымалы дәріхана пунктін жіберу мәселесін қарастырып жатырмыз.

Жылжымалы дәріхана пункті Бурабай, Зеренді, Сандықтау аудандарына жіберілмек. «Осының арқасында мыңнан астам тұрғын тегін дәрі-дәрмекпен уақытылы қамтамасыз етіліп отырады», - дейді сала мамандары.

Ұмсындық Наурызбаева


Хабарламаларға жазылу