Қазақстан-Сингапур арасындағы тауар айналымы былтыр 65 пайызға өсіп, 2 млрд долларға жуықтаған. Сондай-ақ осы кезеңде сингапурлық инвестиция көлемі 6 есе өсіп, 400 млн доллар болып, рекордтық деңгейге жетті. Бұл туралы бизнес-форумда белгілі болды. Бүгінде Сингапур – Қазақстанның ASEAN аймағындағы ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі. Форум қорытындысы бойынша сауда, инвестиция, логистика және мемлекеттік қызметкерлерді оқыту салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірқатар екіжақты келісімдер мен меморандумдар жасалды. Құны 275 млн доллар болатын коммерциялық құжаттарға қол қойылды.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
Бүгінде Қазақстанда 230-дан астам сингапурлық компания мен бірлескен кәсіпорындар табысты жұмыс істеуде. Сонымен қатар экономикалық байланыстарымызды одан әрі кеңейтіп, тереңдетуге әлеуетіміз жетерлік. Бізде серпінді инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қажетті барлық алғы шарттар бар.
Халима Якоб Сингапур республикасының президенті:
Бүгінгі бизнес-форум Қазақстанда жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін зерттегісі келетін көптеген бизнес көшбасшыларын, оның ішінде сингапурлық компаниялардың басын қосты. Күшейіп келе жатқан геосаяси сын-қатерлерді ескере отырып, бұл екі елдің экономикасын әртараптандыруға ықпал етеді. Осы тұрғыда Сингапур серіктестікті кеңейтуге әрдайым ашық. Орталық Азияның кіндік ортасында орналасқан Қазақстан өзінің орасан зор ресурстарымен әртүрлі мемлекеттер мен компаниялар үшін инвестициялық тартымды ел болып табылады.
Азамат Бейбітұлы