Баланың жақсы білім алып, тестіні тиісті деңгейде тапсыруына еш кедергі болмауы керек. Алайда Түркістан облысының Ордабасы ауданында өткен жылы тапсырылуы тиіс үш мектептің құрылысы тоқтап тұр. Салдарынан Шұбарсу, Төрткөл мен Қызылжар ауылының балалары қатынап білім алуға мәжбүр.
Айнұр Әбілқасымқызы, тілші:
Шұбарсу ауылындағы мына 600 орындық мектептің құрылысы үш жыл бұрын басталған. Алайда үш қабатты ғимараттың іргетасы қаланбай жатып жұмыстар тоқтап қалған. Содан бері бір жылдан аса уақыт өтсе де құрылыс жұмыстары қайта басталатын түрі жоқ.
Есесіне, 12 мыңға жуық оқушысы бар ауылда білім ошағы жетіспейді. Он мектеп ашылғанымен, үш аусыммен оқып жүргендер бар.
Ақылбек Бектұрсынов, Шұбарсу ауылының тұрғыны:
Жеті бала-шағам бар менің. Анау сайдағы үйде тұрамын. Автобус мәселесі қиын. Ана жаққа жаяу шығып үлгере алмаса, автобус кетіп қалады. Сол жаққа кейбірде жаяу қатынап барып оқиды.
Мұхитбек Сәрсенбеков, Ордабасы аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдіскері:
Біз осы жерден осы ғимаратты сатып алып 2017-ші жылы бастауыш мектеп ашқанбыз. Бұл да кәдімгі 5-6 бөлмелі, ол жерде не спорт зал, не акт зал, асхана ештеңе жоқ.
Ал Төрткөл ауылындағы 300 орындық мектеп былтыр тапсырылуы тиіс еді. Бірақ құрылысы жарты жолда тоқтап қалды. Себебі, қаржы тапшы. Бес жыл бұрын жасалған жобалау құжатымен қазір материал сатып алу мүмкін емес дейді.
Исағали Тасов, күзетші:
Ол кезде бір тақтайымыз 1,5 мың теңге тұрса, қазір 3 мың теңге тұрады. Одан жоғары тұрады даже. Сондай себептермен тоқтап тұр ғой қазір бұл мектеп. Құрылысшылардың барлығы кетіп қалған. Оның алдында да мердігер компаниялар бар еді, олар да ақша ала алмай кетті ғой бәрі.
Шұбарсу мен Төрткөл ауылындағы мектептердің тендерін бір компания ұтып алған. Сосын екеуін де аяқсыз тастап кетіпті. Салдарынан Төрткөлдегі 250 бала Батыс Қытай- Батыс Еуропа күрежолын кесіп өтіп, қашықтағы мектепке қатынап жүр.
Үсен Биданұлы, Төрткөл жалпы орта мектебінің директоры:
Бірнеше балалар апатқа ұшырады. Жол апатына ұшырады. Одан кейін біз оған тасымал ұйымдастырдық. Бір ғана автобус қиындық туғызады. Баланың саны көп, кейде сыймай қалады. Сондықтан екінші рет қатынауға тура келеді. Қысы бар, жазы бар дегендей.
Қызылжар ауылындағы 300 орындық мектептің де күйі осы. Қыркүйек айынан бері бір шеге қағылмаған. Жауаптылар үш нысанды да келер жылы тапсырамыз деп сендірді. Ал, құрылысты аяқсыз қалдырған компаниялардың ісі сотқа жолданған.
Айнұр Әбілқасымқызы