Қазақстан мен Сингапур президенттері келіссөздер жүргізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Сингапур президенттері келіссөздер жүргізді

22.05.2023

Қазақстан мен Сингапур арасында бірлескен кәсіпорындар ашылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Сингапур президенті Халима Якобпен келіссөз жүргізді. Тараптар ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылап, бірқатар маңызды құжатқа қол қойды.

Халима Якоб. Әлемдегі экономикасы ең алдыңғы елдердің бірі – Сингапур президенті. Қазақстанға, жалпы Орталық Азияға алғашқы сапары. Әрі саясаттағы ең жоғарғы саты – мемлекеттік.

Ақорда. Құрмет қарауылы. Екі ел әнұраны. Рет-ретімен жасалған салтанатты рәсімдерден кейін екі ел басшысы екеуара көп саланы қаузады. Сингапур – жаһандық саудада көшбасшы. Дүниежүзіндегі ең дамыған елдердің бірі. Қазақстанмен қатынасы жыл сайын артып келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сіздің Қазақстанға сапарыңыз – тарихи оқиға. Бұл сапар біздің өзара тиімді ынтымақтастығымыздың жаңа кезеңіне жол ашатынына сенімдімін. Қазақстан Сингапурмен арадағы қарым-қатынасты одан әрі нығайта түсуге ниетті. Сингапурдың Қазақстан экономикасына құйған инвестициясының жалпы көлемі 1,4 миллиард доллардан асты. Экономикалық қиындықтар мен пандемияға қарамастан, былтыр өзара сауда-саттық көлемі 2 миллиард долларға жуықтады. Бұл өте жақсы нәтиже деп санаймын.

Бүгінде елімізде 140-тан аса сингапурлық компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Жақында Қазақстан-Сингапур іскерлік кеңесі құрылған болатын. Мемлекет басшысы бұл екіжақты ынтымақтастықтың артуына маңызды рөл атқаратынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сингапурға турист ретінде баратын азаматтарымызға қолдау көрсетеміз. Әрине, Сіздің елден келетін туристер мен бизнесмендерге біздің есігіміз әрдайым ашық. Сондықтан Қазақстан Сіздің елмен тығыз қарым-қатынас жасауға дайын екенін тағы да айтқым келеді.

Сингапур – Азияда ғана емес, әлемдегі аса ірі қаржылық хаб. Экономикасы ең жылдам өсіп келеді. Екі ел басшысы экспорт мүмкіндіктерін кеңейту жолдарын қарады. Ел аумағында бірлескен кәсіпорындар ашу, институттар арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Тікелей әуе қатынасын ашу жайы да сөз болды. Әрі президенттер Транскаспий халықаралық көлік дәлізі мен «Бір жол – бір белдеу» бастамасын бір-бірімен сабақтастыру мәселесіне тоқталды. Сингапур презизденті Қазақстанмен қатынасты одан әрі дамытуға дайын екенін жеткізді.

Халима Якоб, Сингапур Республикасының президенті:

Қазақстан – біз үшін Орталық Азия аймағындағы аса маңызды серіктес. Өйткені еліңізді, шын мәнінде, аймақтағы көшбасшы ретінде танимыз. Бұл біз үшін өте маңызды әрі көп жылдан бері жақсы қарым-қатынас жасап келеміз. Бізді тығыз қарым-қатынасымыз ғана емес, ашықтық және тәртіп секілді қағидаттарға беріктігіміз де байланыстырады. Бұл – Қазақстан үшін де, біз үшін де маңызды.

Екі ел білім, ғылым саласында да байланысты арттыруға бейіл. Жиын барысында мемлекеттер басшыларының қатысуымен екі елдің ресми делегация мүшелері бірқатар маңызды құжатқа қол қойды.

Сонымен, қызметтер саудасы және инвестициялар туралы келісім бекіді. Екі ел Үкіметтері арасында Орталық Азия елдері мемлекеттік қызметшілері үшін әлеуетті арттыру бағдарламасы туралы меморандум жасалды. «Астана» халықаралық қаржы орталығы, «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы да сингапурлық әріптестерімен өзара келісімге келді. Жиын соңында Мемлекет басшысы екі ел арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуда елеулі үлес қосқаны үшін Сингапур Президентін І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу