Павлодарда үй жануарларына чип салынып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда үй жануарларына чип салынып жатыр

22.05.2023

Павлодарда ит, мысық есепке алынып, чип салынып жатыр. Бұл мақсатқа бақандай 55 млн. теңге бөлінген. Естеріңізге сала кетейік, биыл елімізде «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң күшіне енді. Бұл құжатта үйден бір адамдық орын беріп, соншалықты мәпелей қарау, асырау, өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қарап, қатыгездіктен қорғаудың бүге-шігесіне дейін жазылған. 

Бұл Еуропаның өзінде сирек сатылатын Бассетхаунд тұқымды 3 айлық күшік. Қазақстанға келгеніне 3 күн болыпты. Иесі бірден «Таңба» жануарларды есепке алудың ақпараттық жүйесіне тіркеп тастады.

Светлана Коловникова, Павлодар қаласының тұрғыны:

Бәрін әкелеміз. Үйде такса тұқымды итіміз және екі мысық бар. Енді оларда осында келіп қонақ болады. Чип салдырамыз. Кім біледі? Жоғалады немесе ұрлап кетуі ғажап емес қой. Оның үстіне бұлардың қандай екпе алғандығы бәрі сол чип арқылы оқылады. Бұл әбден жақсы бастама деп санаймын.

Чип - бұл жануардың электронды төлқұжаты. Оны салдырудан ит, мысыққа еш зиян жоқ. Ақпараттық базаға иесі туралы да мәлімет енгізіледі. Айтпақшы, ветеринария клиникалары бұдан былай сән үшін ұстайтын шиншилла, егеуқұйрық, тасбақа, ергежейлі шошқаны да үй жануары ретінде есепке алады.

Ғалым Бейсенов, Облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы:

Ақша төлеу керек болғандықтан адамдар әлі жөнді келмей жатыр. Бірақ 1 қыркүйектен бастап ол міндетті түрде болғандықтан кейін жауапкершілік болады. Сол үшін біз әзірге үгіт жұмысын өткізіп жатырмыз.

Әзірге тұрғындар таза тұқымды ит, мысықтарын ғана таңбалатып жатыр. Себебі, тіркеу ақылы. Әр үй жануарына 4,5 мың теңге сұрайды. Ал, тұрмысы төмен отбасылар үшін тегін жүргізіледі. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» жаңа заңға сәйкес енді иттердің бос жүруіне тиым салынады. Осы жылы облыс орталығында иесіз иттерге арналған 4 панажай ашылған болатын. Олардың бәрі лық толы.. Ит аулау қызметі қаңғыбастарды қайда қуарын білмей дал.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу