Жасөспірімдер арасында электронды темекі тұтынатындар көбейген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жасөспірімдер арасында электронды темекі тұтынатындар көбейген

22.05.2023

Дәрігерлер дабыл қағып жатыр. Жасөспірімдер арасында вейпті, яғни электронды темекіні тұтынып жатқандардың қатары тым көбейіп барады. Мамандардың айтуынша, темекіге қарағанда вейптерге адам екі есе тәуелді болады екен.

Вейптің түріне қарасаңыз түрлі-түсті ойыншық сияқты. Балаларды еліктіруге арналған теріс тәсіл болса керек. Бұл вейптің 16 мың түрі бар. Ең қорқыныштысы оның дені әлі зерттелмеген.

Абай Байгенжин, Медицина ғылымдарының докторы:

Мынау тауарларда никотиннің мөлшері темекіден қарағанда 68-70 есе көп. Бұл препораттар 100 пайыз онкологиялық ауруларға әкеледі.

Вейп әлемнің 33 елінде заң бойынша тиылған. Сатылмайды, қолданылмайды. Ал тағы 79 елде қоғамдық орындарда тұтынуға болмайды. Өкінішке қарай, бізде әлі түбегейлі тоқтатар шектеу жоқ. Салдары байқала бастағандай.

Гүлнәр Сәрсенбаева, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі департамент директорының орынбасары:

Қазіргі таңда бір факті тіркелді. Ауруханаға науқас жасөспірім түсті. Онда бұған дейін тыныс жолдарында ақау болмаған. Тексерістердің нәтижесінде, оның бір жылдан бері тұрақты түрде электронды тұтынғаны белгілі болды.

Осы өзекті мәселе кеңінен талқыланған жиынға дін өкілдері де қатысты. Бәрінің де вейптерге қатысты айтары ортақ.

Батыржан Мансұров, ҚМДБ бөлім басшысы:

106 пәтуада электронды темекі бойынша мынандай шешімге келгенбіз. Электронды темекі адамның денсаулығына зиян болғандықтан, ысырапқа әкелетіндіктен харам, оны қолдануға болмайды дегенбіз.

Қазіргі таңда электронды темекі мен вейптерге тыйым салу мәселесі жаппай көтеріліп жатыр. Парламент депутаттары да бұл мәселеге мән берген. Тиісті заң шығып, будақтаған бұрыс бизнес бұғатталып, жасөспірімдердің тынысын ашсақ игі.

Азамат Бейбітұлы

Хабарламаларға жазылу