Қытай – Қазақстанның ең ірі инвесторларының бестігіне кіреді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қытай – Қазақстанның ең ірі инвесторларының бестігіне кіреді

21.05.2023

Сиань – 3 мың жылдан астам тарихы бар, әлемдегі ең көне шаһарлардың бірі. Осы аптада Қазақстанның ғана емес, әлемдік БАҚ, саясаткерлерінің де назары ауған қала. Бұрындары Чанъань деп аталған, аудармасы «ұзақ тыныштық» деген мағына береді. Кезінде Ұлы Жібек жолы бастау алған, аспан астындағы тарихи музей саналатын қалаға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 3 күндік сапармен барды. Ескі атауына сай Сианьда көтерілген басты тақырыптардың бірі: аймақтағы және әлемдегі тыныштық. Былтыр Қытай төрағасы Си Цзиньпин Астанаға келіп кеткенде Қазақстанның территориялық тұтастығын қолдайтынын айтса, бұл жолы Қасым-Жомарт Тоқаев «Аймақтың геосаяси текетірестер алаңына айналғанын қаламаймыз», - деді. Осылайша, ресми Астана мен Бейжің сыртқы саясатта көзқарастың ортақ екенін тағы бір мәрте паш етті. Қытай фольклорында «Сунь укун» деген кейіпкер бар. Ол – маймылдар патшасы, тастан жаралған. Чэнъэн есімді жазушының «Батысқа саяхат» романында атақты монах Сюаньцзан Жібек жолымен Үндістанға сапар жасағанда Сунь Укун оның жол серігі болады. Жалпы, Сунь Укун - Қытай пәлсапасы мен шығыс дипломатиясын жақсы ашатын бейне. ҚХР негізін қалаушы Мао Цзэдунның саясаткерлер арасында тарап кеткен мынадай ұраны бар: «Дана маймыл алқапта екі жолбарыстың төбелесіп жатқанын тауда бақылап отырады». 21-ғасырда бұл тәсілді «жұмсақ күш» саясаты деп атап кетті. Ұлттық мүдде үшін ұтымды болса, Қазақстанға да неге пайдаланбасқа? Тоқаев «Орталық Азия-Қытай» саммитінде әріптес елдерге мынадай ұсыныс жасады: «Сіздің тауарлар біздің қоймада сақталсын». Бұл Қытаймен сауда жасайтын Орталық Азия мемлекеттері үшін уақыт үнемдеу жағынан тиімді. Ал Қазақстан қызметті тегін көрсетпейтіні түсінікті. Саммит бойынша материал кейініріек. Әзірге Қазақстан мен Қытай байланысын талдайық. Екі ел басшылары сауда-саттықты 40 млрд долларға жеткізу керек деген үлкен меже қойып отыр. Сиань. Көне шаһардың Қазақстанмен байланысы бұған дейін де бекем. Қазақ пен Қытай қатынасын нығайта түсуге бұл жолы да жол ашты. Осы аптадағы Орталық Азия кеңістігіндегі ең ірі саммиттің де, бизнес форумның да, мемлекеттік сапардың да «куәгері» болды. Қытай – экономикалық даму бойынша әлемдегі екінші мемлекет. Оның үстіне көрші. Ынтымақтастық сол үшін де маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Екіжақты қарым-қатынасты жандандыру жолындағы мақсатымыз – ортақ. Аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті, өзара ықпалдастықты нығайтуды көздейтін мұратымыз да – бір. Біз үшін Қытаймен мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту өте маңызды.

Президент болғалы Тоқаев Қытайға алғаш рет 2019 жылы барған еді. Ол кездегі ресми сапарда 10 құжатқа қол қойылды. Бұл жолғысы -мемлекеттік сапар. Дипломатиялық байланыстағы ең жоғары саты. Былтыр Си Цзиньпин Астанаға мемлекеттік сапар жасап, Қазақстанның территориялық тұтастығын қолдайтынын мәлімдеген еді. Ол кездегі кездесу екі елдің 30 жылдық байланысына арналды. Ал Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сианьға сапары сол үш он жылдықтағы қарым-қатынасты кеңейтуге бағытталды. 47 құжат бекіді. Басым бөлігі Қазақстанда жаңа кәсіпорындарды ашуды көздейді.

Райымбек Баталов, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы:

Қазақстандағы зауыттардың көбі кеңес кезінен. Жаңа технологиясы бар кәсіпорындар керек бізге. Ал қытай технологиясы соңғы 10 жыл ішінде қатты дамыды. Сондықтан бізге бірлескен жобалар керек. Әсіресе, дайын өнімге ден қоятын бастамаларды қарастырамыз.

Атырауда әлемдегі полиэтиленнің 1,5 пайызын шығаратын ірі зауыт салынады. Құрылыс келесі жылы басталады. Жоба құны 11 млрд доллар.

Мағзұм Мырзағалиев, «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы:

Біз бүгін ресейлік Симур және қытайлық Синапэк компаниясымен полиэтилен жобасы бойынша нақты келісімге қол жеткіздік. Бұл жобаның аясында Атырау облысында 1 млн 250 мың тонна полиэтилен шығаратын зауыт салынады. Қазіргі таңда жұмыстар басталды. Бұл жоба біздің өңір үшін ғана емес, әлемдегі ең ірі жобалардың бірі болып салынады.

Қазмұнайгаз қытайлық компаниямен барлау бойынша келісімге келді. Елдегі мұнай мен газдың 17 кен орны барланбақ. Табиғи байлықтың жаңа көздерін ашуға бейіл. Мемлекет басшысы қытай бизнесмендерін Қазақстанда жұмыс істеуге шақырды. Көбі қаржы құюды құп көріп отыр.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі:

Ең ірі Форбсқа кіретін Қытайдың инвесторы Қазақстанда мал шаруашылығымен айналысуға инвестиция салуға қызығады. Екінші компания сретификациямен айналысады.

Қытайлар Қазақстанға екінші және үшінші су электр стансасын салып береміз деп отыр. 1 гигаватт қуат өндіретін жел электр орталығын орнатуға да дайын.

Канг Хепинг, кәсіпкер:

Көкшетау цемент зауытын мен салдым. Анау Павлодар химия зауытын мен салдым. Осындай зауыттың бәрін санасаң 40 зауыт бар. Бүгін договорға қол қоясыздар ма? Бар. Қандай? Химия зауыты. Қай қалада? Павлодар.

Екі ел арасындағы сауда қатынасы мыңдаған жылдар бұрын басталғаны белгілі. Әйгілі Ұлы Жібек жолы арқылы. Көне бағыт жаңаша сипатпен жаңғырып жатыр. Осы сапар аясында тараптар үшінші теміржол өткелін салуға уағдаласты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз Қытайға қарай «Аягөз – Бақты» темір жолын іске қосуды жоспарлап отырмыз. «Достық – Мойынты» арасындағы темір жолға күрделі жөндеу жүргізіледі. Сонда темір жол арқылы жыл сайын 20 миллион тоннаға дейін жүк тасымалдауға мүмкіндік туады.

Көлік-логистика саласында Президент Транскаспий бағытын да дамыту керек екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл бағыттың болашағы зор. Өйткені, Қытайдан Еуропаға апаратын төте жол – осы. Оның ұзындығы «Солтүстік дәлізден» 2,5 мың шақырымға қысқа.

Сианьда Қытайдың ең ірі көлік-логистикалық хабы орналасқан. Бұл жердегі жүктің 40 пайызы Қазақстан арқылы тасымалданады. Енді сан еселенуі мүмкін. Порт аумағында Қазақстан терминалы ашылады. Қазір онлайн сауданың дәурені жүріп тұр. Көптің қалауы, нарықтың талабы осы. Сұранысқа сай ұсыныс. Осыны ескерген Қазақстан Қытайдағы ірі электронды сауда алаңынан өз павильонын ашты.

Нұралы Бөкейханов, Qaztrade АҚ Бас директоры:

Бұл біріншіден тамақ өнімдері. Қытайдың азаматтарының саны үлкен. Олардың әлеуметтік жағдайы жылдан жылға өсуде. Сондықтан олардың сұранысы мына ет тағамдарына, сүт тағамдарына, одан бөлек мына ұн тағамдарына өсіп жатыр.

Қытай – Қазақстанның ең ірі инвесторларының бестігіне кіреді. Соңғы 15 жылда экономикаға 22 млрд доллар құйды. Былтыр қазақ-қытай тауар айналымының көрсеткіші рекорд орнатты – 31 млрд доллар. Екі жақ та бұл санды ұлғайтуға мүдделі.

Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының Президенті:

Қытай мен Қазақстан қытай-қазақ қатынастарының жаңа «алтын 30 жылдығына» қадам басты. Біздің елдеріміз достық, өзара қолдау дәстүрін дамытып, тиімді ынтымақтастықты тереңдетуі қажет.

Асима Нұрбайқызы, тілші:

Қытай БАҚ өкілдері Қасым-Жомарт Тоқаев сапарына біраз материал арнады. Бұл - Қытайдың ең беделді басылымдарының бірі. Төрт күн қатарынан қазақ қытай қатынасын сараптады. Си Цзиньпинмен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев мәңгілік серіктесті дамытудың мәніне ерекше тоқталды. Айтпақшы, Қытайдың мәңгілік деген келісімі Қазақстанмен ғана бар. Аймақтағы, тұтас әлемдегі ахуалға қатысты екі елдің де ұстанымы бір: тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Дипломатиялық тілмен жеткізілген диалогта біраз ел үшін қажет месседж бар.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу