Өскеменде көпқабатты үйдің балконы опырылып кетіп, әйел адам зардап шекті. Ең бастысы дін аман. Дәрігерлер медициналық тексеруден өткізген соң үйіне қайтарған. Оқиғаны көзбен көргендердің бірі Дәурен Ерболұлы. Ол бес қабатты үйге жапсарлас сауда кешенінде күзет қызметінде істейді. Құлаған әйел көмекке келген адамдарға үйінде алты айлық сәбиі бар екенін айтқан.
Дәурен Ерболұлы, күзет қызметінің ауысым басшысы:
Болған оқиғаға жылдам әрекет етейік деген оймен сол үйдің есігін бұзып ішке кіріп, баланың аман саулығына көз жеткізіп, құтқарып алуға ұмтылдық. Және де ойымыз ісімізге сай келді. Біз кірген кезде элетрплитасы қосулы болды. Қасында жеміс-жидектер ет кесілген. Бірақ ол табаға салынбаған. Және кішігірім қазан. Үйдің ішінде түтін, түк те болған жоқ.
Балконы ойылған пәтерді бұл отбасы жалдап тұрған. Ал нақты иесінің кім екенін көршілер де білмейді. Сол маңдағы көпқабатты баспаналардың барлығы да 70-80 жыл бұрын салынған. Ал жеке пәтер иелері кооперативінің аты ғана бар.
Майра Мұстафина, қала тұрғыны:
Пәтер иелері кооперативі қадағалау керек. Бірақ енді ПИК біз жауап бермейміз деп жауап берді бәріне. Ондай тозығы жеткен үйлер көп. Жарты қала сөйтіп тұр. Ал енді білмеймін қандай шешім, кім қабылдайды. Әйтеуір, ол кісі мерт болған жоқ.
Мерт болмас үшін әрбір пәтер иесі балконын күтіп ұстауы тиіс. Көпқабатты үйлердің кейбір бөлігі ғана тұрғындарға ортақ. Жеке баспанаға қатысты дүниелер пәтер иесінің меншігі саналады.
Надежда Брежнева, қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің бас маманы:
Тұрғын үй қатынастары туралы заңда балкон пәтердің бір бөлігі болғандықтан ол сол үйдің құрамдас бөлігі болады деп нақты жазылған. Сондықтан әр пәтер иесі сол мүлікке жауап береді. Бұл жерде мемлекет араласпайды.
Жалпы қалада 1792 көпқабатты үй бар. Оның қаншасы ескі екені туралы мүлде ақпарат жоқ. Қаланың орталық бөлігіндегі үйлердің көбісінің қасбеті жауын мен күнге тотығып, балконы бүлініп тұр.
Олжас Керейхан