Атыраудағы Сарайшық қалашығының аумағындағы ауыл жылдан жылға тозып барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атыраудағы Сарайшық қалашығының аумағындағы ауыл жылдан жылға тозып барады

18.05.2023

Атыраудағы Сарайшық қалашығының аумағындағы ауыл жылдан жылға тозып барады. Елдімекен тарихи шаһардың орнынан алты жыл бұрын көшірілуі тиіс еді. Бірақ, өзгерген ештеңе жоқ. Ал тұрғындарға жаңа үй салып, құрылыс бастамақ түгілі жер қазуға да рұқсат жоқ.

Ауыл құлазып тұр. Бірде-бір әлеуметтік нысан жоқ. Жол салынбаған. Балалар қатынап оқиды. Ауыз суды тасып ішеді. Мұндағы 90-ға жуық үйдің дені өткен ғасырда салынған. Бұзып тастап жаңасын тұрғызуға рұқсат жоқ. Өйткені, елді мекен орналасқан жердің ой-шұқыры сырға толы. Көне Сарайшықтың құпиясын қойнына бүккен. Оқыс әрекет – тарихқа қиянат жасағанмен тең. Тұрғындар екіұдай күйде жылдар бойы жіпсіз байланып отыр.

Дүйсенбай Ыбыраев, Ескі Сарайшық ауылының тұрғыны:

Құрылыс ештеңе сала алмай отырмыз. Алаңдатып қойды. Көшетінімізді не көшпейтінімізді айтпайды.

Әлия Ырсалиева, Ескі Сарайшық ауылының тұрғыны:

Қалған өмірімізде тұрғылықты осы жерде отыра берейік. Тіпті көшірмегені өзімізге жақсы.

Роза Әбуова, Ескі Сарайшық ауылының тұрғыны:

8- 10 соттық жерімізді беріп, үйімізді салып берсе жарайды. Корпус үйге үйлесе алмаймыз. Үлкен кісілер бар. Бала -шаға. Ол корпус үйге сыямыз ба?!

Сарайшықтың ерекше қорғалатын аумағы 99 гектарды алып жатыр. Қазба орны елді мекеннен таяқ тастам жерде . Тұрғындар былайғы уақытта да жәдігерлерге жиі жолығады. Археологтар ескі ауылда шаһардың көп бөлігі жатқанын және Хан моласы мен әйгілі Секер көлі барын айтады.

Айбек Тұрарұлы, «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының бас инспекторы, археологы:

Бұл ауылдың үстімен көліктер өтіп жатыр. Ауыр техникалар өтеді. Бұның бәрі мәдени қабатқа зиянын тигізеді. Сондықтан біздер осы ауылды көшіру туралы мәселені көтерген болатынбыз. Бұл былай қолдау тапқанымен, бірақ, әзірге қаражат мәселесі шешілген жоқ.

Ауылды көшіру үшін бас жоспар бекітілді. Жер де бөлінген.

Қайрат Нұрлыбаев, Махамбет ауданының әкімі:

Қазір көшіруге жер дайын. Бірақ инфрақұрылым желілері жоқ. Енді соған біз жобалық-сметалық құжаттама жасап, желілерін тартуымыз керек. Бұл жұмыстар әлі де ойластыруды қажет етеді.

Тарихшылар қызғыштай қорыған қызыл аумақта жұрттың әлі де өмір сүруіне тура келеді. Өйткені, жергілікті билік мәселенің 3-4 жылсыз шешілмейтін кесіп айтты.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу