Қомақты сыйлық алған ұстаздар қылмыстық жауапкершілікке тартылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қомақты сыйлық алған ұстаздар қылмыстық жауапкершілікке тартылады

17.05.2023

Мұғалімдерге құны 34 500 теңгеден артық сыйлық беруге тыйым салынады. Мұны антикор да, оқу министрлігі де ескертіп жатыр. Егер ұстаз қомақты сыйлық алса, қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 7 миллион теңге айыппұл төлейді. Соңғы қоңыраудың соғылатын уақыты таяп қалғанда әдеттегідей биыл да мектепте ақша жинау басталды. Әзірге антикор бір ғана Алматы облысынан 20 қоңыраудың түскенін хабарлап отыр. Ал министрлік мектеп түлектерінің кешін ата-аналардың өздері ұйымдастыратынын алға тартады.

Майра Мелдебекова , ҚР Оқу-ағарту министрлігі білім сапасын қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары:

Көбіне статистикада мұны мұғалімдер емес, ата-аналар өздері ұйымдастырып жатады. Педагогтар оны жақсы біледі, ешқандай ата-ананың қаражатына жолмайды,ондай жұмыстарды жүргізбейді. Дәлелденіп берген жағдайда ол қаражатты ата-аналардың өздеріне қайтарып береді. Астанадағы «Аналар» мектебінің төрайымы ақша жинаудың әлдеқашан әдетке айналып кеткенін мойындау керек дейді. Биыл мектеп бітіріп жатқан 172 мың түлек «мұғалімге гүл, мектепке кітап сыйлаумен шектелу керек» деген. Ардақ Қайырқызы, түлектер кешінің өткенін қолдайды.

Ардақ Қайырқызы, «Аналар мектебінің» төрайымы:

Жастарға кеш керек деп ойлаймын. Бірақ, ұстаздар, аналар біріге отырып белгілі бір деңгейде астамшылдыққа жол бермей жасаса деген ойдамын. Себебі әлеуметтік жағдайы әртүрлі ата-аналар бар. Сол ортадан шыққан балалар дипрессияға ұшырайды.

Иә, ақшаның жетіспегенінен талай бала салтанатты кешке қатыспай қалады. Олар күндіз бойы сыныптастары қымбат көлікпен қаланы шарлап, ас та төк жайылған дастарханға сәнденіп барғанда үйде қалып қояды. Бірақ біз тілдескен түлектер ол үшін қайғыра қоймапты. Ал барғандардың өзі қатарымыздан қалғымыз келмеді дейді. Жастардың айтып тұрғаны былтырғы баға. Биыл баға одан да қымбат. Айта кетейік, заңсыз материалдық сыйақы мен пара алған мектеп директорларына жаза тым қатал. Мүлкі түгел тәркіленіп, 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Әйгерім Ердәулет

Хабарламаларға жазылу