Президент Қытайға мемлекеттік сапармен барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Қытайға мемлекеттік сапармен барды

17.05.2023

40 млрдтық меже. Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы жақын жылдары осындай көрсеткішке жетуі мүмкін. Бүгін Президент Қасым Жомарт Тоқаев Қытайға мемлекеттік сапармен барды. Онда екі ел басшысы бірқатар маңызды құжатқа қол қойды. Сиань әуежайы. Қазақстан борты қонатын аумаққа қытай тарапы тыңғылықты дайындалғанға ұқсайды. Мұны ұлттық нақышынан ұғынуға болады. Ән-би де әскери қарауыл да осында. Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға 4 жыл бұрын келген еді. Бұл Пандемия үзілісінен кейінгі алғашқы сапар. Мәртебесі – мемлекеттік. Саясаттағы ең жоғары саты.

Чжан Чуань, «Цзефан Жибао» газетінің журналисі:

Шынымен Президент Тоқаев мырзаны біздің тарап жылы қарсы алып жатыр. Себебі, сенімді көршіміз, досымыз келді. Қытай Қазақстанмен қарым-қатынасты жоғары бағалайды. Мұны осы күндері жергілікті БАҚ өкілдері де жарыса жазып жатыр.

Салтанатты рәсімдерден кейін екі ел басшысы келіссөздерге кірісті. Қазақстан экономикасының ең ірі инвесторларының бірі - осы Қытай. Бестікке кіреді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан үшін Қытай Халық Республикасының орны – ерекше. Біздің ынтымақтастығымыз мызғымас достыққа және өзара қолдауға негізделген. Екіжақты қарым-қатынасты жандандыру жолындағы мақсатымыз – ортақ. Аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті, өзара ықпалдастықты нығайтуды көздейтін мұратымыз да – бір. Біз үшін Қытаймен мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту өте маңызды.

Қытай - сенімді сауда серіктес. Былтырғы тауар айналым 31 млрд доллардан асты. Бұл бұрын соңды болмаған рекордтық көрсеткіш. Қазақстаннан Қытайға негізінен ауылшаруашылығы өнімдері экспортталады. Тек былтырдың өзінде саладағы сауда-саттық 780 млн доллардан асты. Қазақстан тағы бұршақ дақылдарын, мұздатылған сиыр және қой етін жеткізуге дайын деді Президент.

Хуан Даюань, Қазақстанды зерттеу орталығының директоры:

Қытай үшін Қазақстанның азық-түлігі өте маңызды. Бидайын жоғары бағалаймыз. Ауыл шаруашылығы саласында әлеуеттеріңіз жоғары екенін жақсы білеміз. Қазақстан мен Қытай арасында тауар құрлық арқылы тасымалданады. Енді алдағы уақытта әуе қатынасына көңіл бөлу қажет деп ойлаймын. Себебі ортада сауда айналымы артып келеді.

Көлік-транзит саласында да қатынас қарқынды. «Бір белдеу – бір жол» бастамасына да тоқталды Президент. Себебі Жібек жолы кеңістігіндегі бірлескен бастама тоқтаған жоқ. Бұдан бөлек Қазақстанда Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарының бірінің филиалы ашылуы мүмкін. Мемлекет басшысы көрші елдің техникалық білім сапасы жоғары екенін ескере отырып осындай ой айтты. Ал Қытай төрағасы Си Цзиньпин Қасым-Жомарт Тоқаевты бүгінгі 70 жас мерейтойымен құттықтап, екі ел арасындағы байланысты одан ары нығайту керек деді.

Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының Президенті:

Осындай айтулы күні Сіз Қытайға мемлекеттік сапармен келіп отырсыз. Бұл біздің екіжақты ынтымақтастығымыздың жоғары деңгейде екенін көрсетеді және Қытаймен тығыз байланыстарыңызды тағы да растайды. Қытай мен Қазақстан қытай-қазақ қатынастарының жаңа «алтын 30 жылдығына» қадам басты. Біздің елдеріміз достық, өзара қолдау дәстүрін дамытып, тиімді ынтымақтастықты тереңдетуі қажет.

Жиында жаһандық қауіпсіздік мәселесі де қозғалды. Келіссөздер қорытындысы бойынша екі ел басшысы 20-дан аса маңызды құжатқа қол қойды. Олардың арасында транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту, үшінші трансшекаралық теміржолды бірлесіп іске асыру, визалық талаптардан өзара босату туралы келісім бар.

Олжас Бейсенбаев, Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы:

Визасыз тәртіп дегеніміз ол шет шегі жоқ, сондай бір үлкен халықтың нөпірін алып келетін тәртіп деп айтуға келмейді. Оған 30 күн деген шегі бар. Оның заңдылық талаптары бар. Заң бұзса оның жауапкершілігі, әкімшілік жауапкершілігі елге қайтару нормалары бекітілген. Бұл бірінші кезекте Қазақстанға тиімді. Қай жағынан? Ең біріншіден Қазақстанға туристерді алып келеді.

Асима Нұрбайқызы, тілші:

Мемлекеттік Сапар қорытындысы осындай. Әлемде геосаяси жағдай ушығып тұрған тұста тараптар экономикалық байланыстың жаңа кезеңіне өтуге келісті.Ал жоғары деңгейдегі мұндай келіссөздің Сианьда өтуі бекер емес. Себебі дәл осы көне шаһардан кезінде ұлы жібек жолы бастау алған.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу