Оралда 18 үй мен әлеуметтік нысандар ыстық сусыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда 18 үй мен әлеуметтік нысандар ыстық сусыз қалды

16.05.2023

Оралда жылу желілері жөнделмесе, Екібастұздағы жағдай қайталануы мүмкін. Облыс орталығында жылу қазандығы мен жылу желілерінде апат болып, жергілікті деңгейде техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Құбыр жарылып, 18 тұрғын үй мен үйдегі 3500 отбасы ыстық сусыз қалды. Мөңкеұлы көшесіндегі көпқабатты үйдің жертөлесінде құбыр жарылып, тұрғындар ыстық сусыз қалды. Бес жыл бұрын пәтер иелері өз күшімен ақша жинап, 100 метр желіні ауыстырған. Бірақ аз уақытта құбырды тот басып, тесіліп, әр жерден су ағып тұр.

Әсем Хайырова, қала тұрғыны:

Бізде үнемі ыссы су болмайды. Айырып тастай береді. Себебі, подвалда бүкіл құбырлар шіріп кеткен. Қайтадан біз ақша жинай береміз бе енді? КСК-ға төлеп жатырмыз ақшасын, дым жасап жатқан жоқ. Жылуды да авария болып, ерте айырып тастады. Үй әлі салқын.

Ал үйді басқарушы мекеме басшысы "ағымдағы жөндеу, құбыр ауыстыру біздің міндетімізге кірмейді" дейді. 48 үйге қызмет көрсететін ұйым тек желілердегі апатты жоюға, тазалыққа, үйді күтіп ұстауға жауапты.

Нұрлан Рақымжанов, үйді басқарушы мекеменің басшысы:

ПИК тарапынан ақша бөлінбейді. Үй коммуналдық меншікте болғандықтан, басқару формасы әлі күнге дейін құрылған жоқ. Ең болмаса, үй кеңесін құрып алуымыз керек. Әр подьезден бір-бір өкіл болса, үй кеңесімен бірлесе отырып, акт жасап, ары қарай дүкеннен құбырдың бағасын біліп, соны барлық пәтерден жинап, жасауымыз керек.

Осы үйдегі және үшінші жылу қазандығының құбырларында болған апаттың салдарынан қалада төтенше жағдай жарияланды. Барлығы 18 үй мен бір мектеп, спорт кешені судан ажыратылды. Тасқын кезінде жертөлелер суға толып, желілердің су астында қалып, суағар жүйесінің болмауы да мәселені ушықтырып тұр.

Жандос Дүйсенғалиев, қала әкімінің орынбасары:

18 үйді қамтамасыз ететін жылу желілерін ауыстыруымыз қажет. Егер ауыстырмасақ, ертең қыстың ортасында түгел жылу желісі істен шығып, екінші Екібастұз болуы мүмкін. Жылу желілері орналасқан латоктарда су жиналып қалуына байланысты біздің болат материалдан жасалған құбырлар көпке шыдамай тұр. Тек он жылға шыдап тұр.

Жөндеуге қалалық бюджет қорынан 600 млн теңге қаражат бөлінбек. Жоспар бойынша желіні тағы да болат құбырға ауыстырады. Ал одан төзімдірек пластик материал салу үш есе қымбатқа шығады дейді әкім орынбасары. Смета жасалған соң, конкурс жарияланып, мердігер анықталып, келесі аптада жұмыс басталады. Жөндеу басталған кезде қыркүйектің 15-іне дейін жаз бойына Зачаган кентінде ыстық су болмайды.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу