Ақтөбеде әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жұмысшылары науқас балаға қол көтерген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жұмысшылары науқас балаға қол көтерген

16.05.2023

Ақтөбеде әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жұмысшылары ақыл-есінің дамуы төмен баланы ұрып-соқты деген күдікке ілінді. Бұл жағдайға қатысты прокурорлық тексеріс жүргізіліп, қылмыстық іс қозғалды. Ең сорақысы - орталықта мұндай жағдай бірінші рет емес.

Мына бейнекөріністерде белгісіз біреудің тәрбиеленушіні итеріп жібергенін көруге болады. Алайда орталық басшылығы қызметкерлерін қорғаштап отыр. Айтуларынша, балалар өзара төбелескен.

Бақытгүл Тойбазарова, №1 Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары:

Әлі іс нақты белгісіз. Себебі бұл бала өзі қасындағы баланың бетін ұрып, екеуі төбелеседі де, баланың мұрны қанап, жылап шығып кетеді. Сол кезде ол баланы ұрды деп анықталып тұр. Бірақ ол жерде бала баланы ұрды ма? Ол жерде санитар қызметкрелер жоқ.

Алайда прокуратура қызметкерлері орталық мамандарының сөзімен келіспейді.

Ләззат Тайланова, қалалық прокуратурасы бөлімінің Аға Прокуроры:

Прокуратура қызметкерлері осы мекемеге қорғаншылық және қамқоршылық органының, Ақтөбе облысы бойынша жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының өкілдерімен, полиция қызметкерлерімен және медицина қызметкерлерімен бірлесіп баруды жүзеге асырды. Бейнебақылау камераларының жазбаларын зерделеу арқылы №1 Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкерлерінің балаларды ұрып-соғу фактісі анықталды.

Баланы соққыға жыққан жұмысшының қандай жазаға кесілетіні әзірге белгісіз. Өкінішке қарай, орталықтағы кембағал жандарды қорлау фактісі бірінші рет тіркеліп отырған жоқ.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Бұл орталық «Үміт» сәбилер үйімен бір ғимаратта орналасқан. Қазір елуден аса ақыл-есінің дамуында ақауы бар бала тәрбиеленіп жатыр. Бір қызығы – өткен жылы дәл осы мекеменің үш бірдей тәрбиешісі балаларға қол көтергені үшін айыпталып,  4 жылға дейін шартты түрде жаза арқалаған еді.

Содан бері көп нәрсе өзгермегенге ұқсайды. Былтыр тексеріс жүргізген прокурорлар әлеуметтік орталықта балалардың емделуіне еш жағдай жасалмағанын анықтады. Яғни, нысан арнайы бөлмелермен және жиһазбен қамтылмаған. Тіпті массаж, емдеу, дене шынықтыру кабинеті, жеке асхана да жоқ. Сондықтан мекеме өзге ғимаратқа көшуі тиіс болған. Алайда бәрі баз баяғы қалпында.

Әнуарбек Қонжар, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

Ғимарат негізі «Үміт» сәбилер үйіне қарайды. Тарлық етуіне байланысты қазір облыс әкімшілігімен бірлесіп, басқа ғимаратқа көшу жағдайын қарастырып жатырмыз.

Орталықта қазір 55 бала бар. Оның жартысына жуығының ата-анасы жоқ. Тағы бір мәселе – кадр тапшылығы. Өйткені қиын балалармен жұмыс істеуге екінің бірі келе бермейді.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу