Бағаның өсуін тежеуге күш салу қажет – Премьер-Министр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бағаның өсуін тежеуге күш салу қажет – Премьер-Министр

16.05.2023

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов министрлер мен әкімдерге азық-түліктің бағасын тұрақтандыру бойынша бірқатар тапсырма берді. Ұлттық банктің есебінше былтыр рекордтық көрсеткішке жеткен инфляция соңғы 4 айда 4 пайызға дейін төмендеген. Республикалық бюджетті түгендеу үшін бас қосқан Үкімет мүшелері бүгін кезек-кезек есеп берді. Министрлердің сөзіне сенсек, ел экономикасы соңғы 4 айда 5 пайызға өскен. Былтыр 21 пайызға бір-ақ шарықтаған инфляция 16,8 пайызға дейін төмендеді. Яғни баға тұрақтап келе жатыр. Алайда Әлихан Смайылов қазір босаңситын уақыт емес дейді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Бағаның өсуін тежеуге күш салу қажет. Біздің мақсатымыз биыл инфляцияны 2 есеге төмендету.

Ал бағаның тұрақталып келе жатқаны өңір жұртына байқалмайды. Керісінше, азық-түлік күн санап қымбаттап жатыр дейді ақтаулықтар. Жамбылдықтардың пікірі осындай. Олар қымбатшылықты қолдан жасап жатқандар көп дейді. Ал экономист Жангелді Шымшықов инфляцияның төмендеуіне Үкіметтің қатысы жоқ деген пікірде. Себебі, қазір маусымдық азық-түлік көбейіп, баға онсыз да арзандайтын кезең. Ал қымбатшылықтан толығымен құтылу үшін тамақтың орташа бағасын автоматты түрде анықтап беретін тауар биржасын қайта іске қосу керектігін айтады. Сонда бағаны қолдан өсіретіндердің мәселесі шешіледі.

Жангелді Шымшықов, сарапшы:

Бізде тауар биржасы болмай ішкі өзімізде шығаратын тауардың индикаторы көрсеткіші жоқ. Сондықтан біз басқа елдердің әлемдік баға деңгейіне сәйкестенеміз. Олардың жағдайы бір бөлек, біздің жағдайымыз бір бөлек.

Айя Мүтәлі, Тілші:

Сарапшының пікірінше Үкіметтің жұмысы осы қарқынмен жалғаса берсе инфляцияны екі есеге төмендету мүмкін емес. Бағаны тұрақтандыру үшін ескі әдістен арылып, жаңа тәсілге көшу қажет. Мұны Мемлекет басшысы да бірнеше рет қайталаған болатын.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу