Қызылорданы көркейтуге кәсіпкерлер үлес қосып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорданы көркейтуге кәсіпкерлер үлес қосып жатыр

15.05.2023

Қызылорда қаласын көркейту, абаттандыруға биыл бюджеттен тыс қаржы көздерінен 1 миллиард 300 миллион теңге қаралып отыр. Оған аймақ кәсіпкерлері қолдау білдіріп, демеушілік етуде. Бүгінде бұл бағытта ауқымды жұмыстар басталып кетті. Облыс орталығында жолдарды асфальттауға айрықша басымдық беріліп отыр. Шаһарда биыл 250-ге жуық көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Әсіресе, жол азабын тартқан тұрғындардың талап-тілегі ескеріліп, жобаға қаланың шет аумақтарындағы көшелер көптеп енген. Жергілікті әкімдік мердігерлерге жолдардың сапалы салынуын талап етуде.

Асылбек Шәменов, қала әкімі:

Негізінен сапаға мән беру керек. Іргесін ГПС-бен жасатыңдар. Ең бастысы, асфальттың құрамы 30-40 жылдардан бері күткен көшелер. Ертең осы жол кемінде 15-20 жыл қызмет жасау керек.

Сондай-ақ қаланың көркейту, абаттандыру жұмыстары да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Кәсіпкерлердің демеушілігімен аллеялар гүлденіп, тұрғындардың серуен құратын орындары көбейді. Орталықтағы келбеті тозған ескі көпқабатты үйлердің де қас беттері арнайы панельдермен қапталып, жаңа кейіпке енуде.

Айдын Әнуар, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

Қазіргі таңда 13 үйді сыртқы қас келбетін, сызықты панелдермен қаптау жұмыстарын бастап кеттік. Осы 13 үйді жоспар бойынша келесі айдың 10 күнінде аяқтауды жоспарлап отырмыз.

Жалпы аймақтың бас шаһарында жылдан жылға әсем ғимараттар бой көтеріп, көркіне көрік қосып келеді. Туған жерді көркейтуге жергілікті кәсіпкерлердің қосып жатқан үлесі зор. Биыл да бюджеттен тыс 1 миллиард 300 миллион теңгеге қалада ауқымды жобалар жүзеге асырылмақ.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу