Елде жол сапасы неге нашар? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елде жол сапасы неге нашар?

15.05.2023

Жол сапасын құртатын қытайлық ауыр жүк көліктеріне елде жүруге тыйым салынуы мүмкін. «Жедел желі» бағдарламасында қонақ болған «Қазавтожол» Басқарма төрағасы Мейірхат Қасымбаев осылай деді. Жол сапасына қатысты сын азаяр емес. Аудан мен ауыл арасындағы жолды айтпағанда, кей республикалық маңызы бар жолдың өзі көңіл көншітпейді. Жол азабын тартқандар «тіпті жаңа жолдардың өзі бір жыл өтпей, қайта қопарылып жатады» деп наразы. Жол сапасына жауапты «Қазавтожол» компаниясы құрылыс жұмыстарының созылуын бірнеше себеппен байланыстырды. Қаржының уақытылы бөлінбеуі, техниканың жетіспеушілігі мен жобалау кезіндегі қателіктер жиі болады. Одан қалды, ауа-райының қолайсыздығы мен мердігердің жауапсыздығы тағы бар. Ал жаңадан салынған жолды, 10 тоннадан артық жүкті таситын қытайлық жүк көліктері құртып жүр дейді.

Мейірхат Қасымбаев, «Қазавтожол» ҰК басқарма төрағасы:

Бір вагонға 60 тонналық, 40 тонналық жүкті тиеп ап жүреді де жолды құртады. Болашақта бұл көліктерді Қазақстан границасына кіргізбеуге тырысып жатырмыз. Себебі, біраз көліктер бар қытайдың өзінде шығарылатын. Қытайда үлкен жолдарда жүргізілмейді.

Ал құрылысы 3 жылға созылған Астрахань – Атырау бағытындағы халықаралық күре жол келесі жылы пайдалануға беріледі деп уәде берді. Атыраудан Ақтөбеге дейінгі жолды биыл толық аяқтамақ. Сондай-ақ, құрылысы 2017 жылы басталып, 21 млрд теңгенің жымқырылуына байланысты тоқтап қалған «Омбы- Майқапшағай» тас жолының құрылысы биыл қайта жанданады. Ал «Қарағанды-Өскемен» бағытындағы жол қаржы тапшылығына байланысты әзірге салынбайды. Былтыр ғана облыс орталығы болған Жезқазғаннан Петропавлға қатынайтын жол құрылысы да кейінге қалды. Ал Қызылорда мен Ақтөбе арасындағы тас жол кеңейтілмек. Тар жолда соңғы жылдары көлік апаты жиілеген.

Мейірхат Қасымбаев, «Қазавтожол» басқарма төрағасы:

Ол жолдың қазіргі ахуалы нашар. +Қазір жобалау жұмыстарын жасап жатырмыз. Бірінші категорияға ауыстырамыз. Келесі жылға дейін жобалау жұмыстарын бітіріп, паралельно қаржы қарастырып жатырмыз.

Сарапшылар болса, жол сапасына қадағалауды күшейту үшін тәуелсіз қоғамдық бақылау қажет дейді.

Сапарбай Жобаев, сарапшы:

Қоғамдық бақылау болу керек. Яғни сол автожолға бағынышты емес бір жанынан қоғамдық ассосациясы дейміз. Олар өздері таңдап, өздері бағалап, ақша қайда кетті дейтін. Бақылайтын органдарды көбейткенмен, пайдасы жоқ.

Айя Мүтәлі, тілші:

Қазақстан қазір 25 жылға жарамды бетон жолдардан бас тартуға мәжбүр. Себебі оның күтімі қымбатқа түсуде. Енді жол сапасын жақсарту үшін ақылы жолдардың санын тағы көбейтпек. Оның құны алдағы уақытта кезең-кезеңімен өсіп отырады.

Айя Мүтәлі


Хабарламаларға жазылу