«Тараз» футбол клубы 610 миллион теңгені мақсатсыз жұмсаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Тараз» футбол клубы 610 миллион теңгені мақсатсыз жұмсаған

16.05.2023

«Тараз» футбол клубы 610 миллион теңгені мақсатсыз жұмсаған. Бұл Жамбыл облыстық тексеру комиссиясы жүргізген арнайы аудиттік тексеру кезінде анықталды.

Құзырлы мекеменің айтуынша, олар 36 мекемені тексереді. Қаржылық олқылықтарға жол бергендер қатарында «Тараз» футбол клубы көш басына шығады. Мекеменің 2020-2022 жылдары қаржылық құжаттарын ақтарғанда іс сапар шығындары мен салық берешектері төленбегенін анықтайды. Сондай-ақ, 5 млн теңгеге жуық заңсыз сыйақы беріліпті. Ал сол жылы Түркиядағы оқу жаттығу жиынына 20 млн теңгеге жуық шығын шығарған. Ал 2022 жылы осы бағытта 34 млн теңге мақсатсыз жұмсап, 422 млн теңге салық төлемегені анықталады. Алайда клуб басшысы Жандос Ахметов бұл қаржылық тексеру қортындысымен келіспейтінін айтты. Ол айтылған ақша қарыздардың берешек соммасы екен. Жергілікті клубты 1,5 жылдан бер басқарып отырған басшы мекеме 1 млрд теңгеден астам қарызға батқанын жасырмады. Бірақ бұл берешек өзіне дейінгі басшылық кезінде болған дейді. Қаржылай қиындық жалақының көп мөлшерде берілуінен болған. Сондай-ақ салық төлемдері де уақытылы жабылмағанынан дейді. Салдарынан клубтың негізгі ойыншыларының 99 пайызы командадан кетіп қалған. Бүгінде жалпы қарыздан тек 400 млн теңге қалыпты. Оны жыл аяғына дейін толық жабуды жоспарлап отыр.

Асылхан Шаймерденов, тексеру комиссиясының мүшесі:

Соның ішінде 576 млн теңге ол Түркиядағы оқу-жаттығу өткізгені бойынша содан шықты. Содан бәрі шықты, тамақтану бар, авиа рейс бар, ұшып қону, келу бар, жататын жер төлеуі бар.

Жандос Ахметов, «Тараз» футбол клубының директоры:

Жоқ мұнымен келісе алмаймыз. Бірінші кезекте бұл қарыз кредиторлық берешек 2021 жылы пайда болған. Мақсатсыз емес, бірінші жағдай үлкен жалақылар берілген. 500 млн теңгеден астам айлық қарызы болды.

Данияр Әлімқұл

Хабарламаларға жазылу