Петропавлдық медбике Гүлден Омарова 5 тіл біледі. Полиглот қазақ, орыс, ағылшын, түрік және өзбек тілдерін меңгерген. Басқа жұмысқа ауысуға талай рет ұсыныс түссе де, бас тартыпты. Өйткені өзін медицинадан өзге салада елестете алмайды. Бүгін халықаралық мейірбике күні. Мерекеге қарамастан, медициналық персонал әдеттегідей жұмыста. Себебі науқастар күте алмайды. Гүлден Омарова медицина саласына жүрек қалауымен келгенін айтады. Ал 5 тілді арнайы курстарға бармай-ақ үйренген.
Гүлден Омарова, мейірбике:
Қазақ тілі өзімнің туған тілім, орыс тілін енді адамдармен араласып, сөйлескесін білем. Өзбек тілі мен түрік тілін білетінім, студент кезімде жолдастарым, достарым болды. Түрік, өзбектерден. Ал ағылшын тілін өзім меңгеріп, өзім іске асырып жүрмін.
Полиглот мейірбике 10 жылдан бері облыстық балалар ауруханасында еңбек етіп жүр. Пациенттер тез сауығуы үшін емдік шаралар жеткіліксіз, оларға жылы сөзбен де демеу болу керек – дейді ол. Сондықтан да көп тіл білу маңызды.
Александр Гассман, консультативті-диагностикалық орталық меңгерушісі:
Тағайындалған емнің сәтті жүзеге асуы 50-60 пайызға орта медициналық пероналға байланысты. Облыстық балалар ауруханасына жылына орта есеппен 170 мың науқас келеді. Негізгі салмақ мейірбикелерге түседі.
Бүгінде еліміздегі денсаулық сақтау ұйымдарында 188 мыңнан астам орта медицина қызметкер бар. Оның 30 пайызы ауылдық жерде. Десе де шалғай елді мекендерде 2500-ге жуық медбике тапшы.
Эльмира Кәленова