Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс мерекесін Шымкент қаласының халқы ерекше салтанатпен атап өтті. Жастары ұлғайғанымен жанарларынан қайсарлықтың лебі есіп тұрған ардагерлер «Даңқ» мемориалында қауышып, мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.
Мұраталы Төлепбергенұлы Шымкент қаласындағы биылғы Жеңіс мерекесін қарсы алған 3 майдангердің бірі. 18 жасқа толар-толмасында соғысқа аттанған бозбала Брест қамалы үшін соғысқан. Белорусия, Польша, Варшаваны жаудан азат еткен даңқты сарбаз.
Мұраталы Төлепбергенұлы, соғыс ардагері:
22 мың зеңбірек, миномет, катюша бәрі жиылып оқ атып, 4 сағаттан астам артилериялық конанада болды. Сөйтіп Одер өзінен басып алуға қатыстық.
Екінші дүниежүзілік соғысқа Шымкент қаласынан 23 мыңнан астам азамат атттанған. Бүгін Жеңіс мерекесіне жиылған көпшілік соғыстың ауыр кезеңдерін бейнелеген сахналық көріністі тамашалады. Әскери әндердің концерті де болды.
Адамзат тарихындағы сұм соғыста өрлік, қайсарлық пен өжеттіктің жарқын үлгісін көрсеткен аға ұрпақтың ерлік ісі – кейінгіге үлгі. Сондықтан бүгінгі ұрпақ оларды ерекше қастерлейді, ұлық тұтады. Даңқты ерлікке мәңгілік құрмет көрсетеді.
Қалдар Түнтекова, қала тұрғыны:
Ешқашан ұмытылмайтын дүние ғой бұл. Біздің әрқашан, мәңгі есімізде. Біздің өміріміз үшін бабаларымызға алғыс айтып, бас иемін.
Қазіргі таңда мегаполисте 3 майдангер мен 2 мыңнан аса тыл ардагері тұрады. Мерекеге жиылған көпшілік салтанатты жиыннан соң әскери ботқадан дәм татып, бейбітшілік үшін құрбан болғандарды еске алысты.
Ғани Қалмаханов