Абай облысында соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысында соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетілді

09.05.2023

Бүгін Жеңіс мерекесіне орай Абай облысында түрлі шаралар өтіп жатыр. Семейдегі Жеңіс саябағында салтанатты жиын ұйымдастырылып, Мәңгілік алауға гүл шоқтары қойылды. Сұрапыл соғыста шейіт болған батырлар рухына тағзым етілді. Өңірде қан майданды өткерген көзі тірі 12 соғыс ардагері мен 2,5 мыңнан астам тыл ардагері бар. Мерекеге орай оларға сый құрмет көрсетілді.

102 жасқа келген ардагер Әбдіғали Қаймолдинге Мемлекет басшысының Жарлығымен Екінші дүниежүзілік соғыста көрсеткен ерлігі, батылдығы мен соғыстан кейін мемлекеттік және қоғамдық қызметке белсенді қатысқаны үшін «Халық қаһарманы» атағы берілді. «Алтын жұлдыз» бен «Отан» орденін Президент атынанан облыс әкімі табыстады.

Әбдуәли Имаханов - тыл ардагері. Буыны қатпаған бала шағынан еңбекке араласып, ауыр жылдардың ауыртпашығын бастан өткерген. Соғыс аяқталғаннан кейін өңірдің дамуына үлес қосып колхоз, кеңшарларды басқарған. «Құрмет», «Тылдағы еңбегі үшін», «Еңбек ері» ордендерінің иегерін де облыс әкімі арнайы құттықтады.

Әбдуәли Имаханов, тыл ардагері:

Тар заманда тудық. 32-ші жылдың ашаршылығын көрдік. Алаштың азаматтарын қырғанды көзім көрді. Соның бәрін қазақтың күшімен жеңдік.

Меркеге орай қала тұрғындары бүгін Жеңіс саябағына жиналды. Сұрапыл соғыста шейіт болған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алып, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.

Нұрлан Ұранхаев, Абай облысының әкімі:

Біз есімдері тарихтың бетінен мәңгіге өшпейтін, аға буын алдында өлшеусіз қарыздармыз. Ешкім де ешқашан ұмытылмайды. Ерлік даңқы өшпейді.

Биыл жыл санап қатары сиреп бара жатқан соғыс ардагерлеріне Жеңіс мерекесіне орай 1,5 миллион теңгеден беріледі. Сондай-ақ тыл еңбеккерлері мен соғыс жылдары концлагерлерде тұтқында болғандарға да бір реттік төлем жасалады.

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу