СҚО-да биыл Жеңіс күні мерекесін 7 ардагер атап өтпек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-да биыл Жеңіс күні мерекесін 7 ардагер атап өтпек

08.05.2023

Солтүстік Қазақстан облысында биыл Жеңіс күні мерекесін 7 ардагер атап өтпек. Олардың әрқайсысына 1,5 млн теңге көлеміне материалдық көмек беріледі. Жеңістің 78-көктемін қарсы алатын ардагерлердің ең үлкені Қожатай Некібаев. Майдангердің жасы 98-де.

80 жыл бұрын бозбала Қожатайдың басынан өткен отты күндері санасында әлі сайрап тұр. Соғысқа аттанған сәттен бастап, табаны туған жердің топырағына тиген шаққа дейінгі өмірі жадында ерекше жатталып қалған. Майдангер Украина, Румыния, Венгрия, Чехословакия жерінде соғысқан.

Қожатай Некібаев, соғыс ардагері:

Австрияның шекарасында болдық біз. Берлиннің шекарасына жақында болғанда аяқталды соғыс. Содан 48 жылдың майында келдім.

Елге оралған соң, шаңырақ көтеріп, жұбайы Айша екеуі 10 бала тәрбиелеген. Қазір өздігінен жүріп-тұра алмаса да, көңілі түскенде қолына қалам алып, естеліктер жазады.

Майдан даласынан үш бұрышталып жеткен бір парақ қағаз талай адамның үзілген үмітін қайта жалғап, сағынышын басқаны анық. Ал бүгінгі бейбіт күннің қадірін білетін әскерилер мен дәрігерлер соғыс ардагерін мерекемен құттықтады.

Қуанышбай Әбдікәрімов, 99/275 әскери бөлімінің аға офицері:

Мынау үлкеннен өсиет болса, жастарда қасиет болады демекші, артымыздан өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа жақсы бір ізгі жол болсын деймін.

Былтыр өңірде жеңіс күнінін 15 соғыс ардагері атап өтті. Қарттардың қатары жыл сайын сиреп барады.

Эльмира Кәленова


Хабарламаларға жазылу